Жерлестер Катарға аттанды
Оңтүстік Африка тарихта алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізеді. Дурбан қаласында 20-28 мамыр аралығында өтетін чемпионатқа іріктеу кезеңі 7-13 қаңтар аралығында Катарда өтпек. Ал, осы іріктеу кезеңіне Қазақстан құрамасы да қатысады. Ел құрамасының қатарында қос қарағандылық Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева бар.
Катарда өтетін іріктеу турниріне қазақстандық спортшылар жұптық және аралас разрядта жолдамалар үшін таласады. Құрама команданың сапында Кирилл Герасименко, Айдос Кенжеғұлов, Ескендір Харки, Сарвиноз Мирқадірова, Анастасия Лаврова, Айя Әлімбаева, Ангелина Романовская сынды спортшылар бар. Ал, құраманың жаттықтырушылар штабында Эльмира Әлиева, Дмитрий Переверзев, Дмитрий Левенко секілді білікті бапкерлер бар. Олар да спортшылармен Катарға бірге аттанады.
Өткенге көз жүгіртсек, әлемдік біріншілік соңғы рет Африка құрлығында 1939 жылы Мысырда өткен болатын.