8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған «Ару Ана» республикалық жобалар байқауында теміртаулық «Жаңа күн» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлия Баймурзинаның жобасы үздік деп танылды. Байқау Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтті. Ал, жеңімпаздарға марапатты аталған комиссияның төрағасы Аида Балаева табыстады.
Жобаның мақсаты – үздік идеялар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын әйел көшбасшыларды қолдау, біріктіру және ілгерілету. Еліміздің барлық өңірлерінен ұсынылған 260 жобаның ішінен комиссия үздік 20 жобаны таңдады. Қарағанды облысынан 13 өтініш түскен.
Әлия Баймурзина 2018 жылы Теміртауда ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмектесу үшін отбасыларды қолдау орталығын құрған болатын. Бірнеше жылдан бері ол сәтті жұмыс істеп келеді. Жоба ерекше балалардың өмірін өзгертіп, олардың ашылуына, бақытты және сенімді болуына көмектеседі. Орталықта түзету, психологиялық, заң көмегі тегін көрсетіледі. Сондай-ақ, жастар әлеуметтенуге көмек алады.
Байқау жеңімпаздары ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған әйелдер форумына қатысты.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz