Жерлесіміз жазғы универсиада ойындарының қола жүлдегері атанды
Қытайдың Чэнду қаласында өткен XXXI Дүниежүзілік жазғы универсиада ойындарында қарағандылық Артем Саркисян қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз семсерлесу сайысы бойынша сынға түсіп, ел қоржынына қола жүлде салды.
Қазақстан құрамасы 20 медаль (2 алтын, 7 күміс және 11 қола) жиынтығын жеңіп алды. Осы жүлдегерлердің ішінде жерлесіміз Артем де үздіктердің қатарынан табыла білді. Айта кетейік, бұл жеңіс спортшының үлкен турнирден алып тұрған алғашқы жүлдесі емес. Ол осы жылдың наурыз айында Италияның Падуя қаласында өткен әлем Кубогында жекелей сында ІІ орын иеленген болатын. Әрі Тәуелсіз Қазақстан тарихында семсерлесуден әлем Кубогында «күміс» алған алғашқы спортшы.
Жазғы универсиада ойындарының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 178 медаль жеңіп алған Қытай спортшылары көш бастады. Одан кейінгі сатыда Жапония, Оңтүстік Корея спортшылары тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz