Ресми

Жерді ұтымды пайдалану қажет

Былтырғы қорытынды бойынша облыс аумағы 23 миллион 905 мың гектарды құрады. 2022 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ауданы 11 миллион 835 мың гектарды құрайды. Биылғы көрсеткіш бойынша босалқы жер қорындағы жер көлемі 6 миллион 216 мың гектарды құрап отыр.

Сурет: басқармадан алынды

Елдімекендердің жерлері – 3 миллион 264 мың гектар. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және басқа да ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер – 141 мың гектар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер – 403 мың гектар. Орман қорының жерлері – 113 мың гектар. Су қорының жерлері – 40 мың гектарды құрады.

Облыста босалқы жер қорынан және пайдаланудан тыс қалған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жұмыстары жылда жүргізіледі.

Былтыр ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін аудан әкімдіктерімен ауыл шаруашылығы айналымына босалқы жерлерден конкурстар арқылы және басқа да жолдармен жылдық жоспардағы 409,5 мың гектардың орнына нақты 527,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері тартылған, оның ішінде, 8,5 мың гектар – егістік, 509,7 мың гектар – жайылым, 2,9 мың гектар – шабындық. Айналымға тартудың жылдық жоспары 128,8 пайыз­ға орындалды.

Бұл тұрғыда Абай, Ақтоғай, Нұра, Шет аудандарының әкімдіктері ауыл шаруашылығы айналымына тартумен белсенді айналысты, яғни, бұл аудандар бойынша онда жоспардың орындалуы тиісінше 132, 202, 123, 154 пайыз­ды құрады.

Жер қатынастары басқармасы жер қойнауын пайдалану мақсатында 4493 гектар жер беру туралы 44 қаулының жобасын дайындады. Республикалық бюджетке аударуға жататын ауыл шаруашылығы шығындарының сомасы 75 833 586 теңгені құрайды. Қорғаныс мұқтажы үшін жер учаскелерін беру бойынша 3 қаулы жобасы дайындалды. Жер асты суларын өндіру үшін жер учаскелерін беру бойынша 2 қаулы жобасы дайындалды.

Облыстың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою және тексеру нәтижелерін қабылдау жөніндегі комиссияны құру бойынша 112 ұсынысы мен шешімдерінің жобасы әзірленді, олардың негізінде жергілікті жерге 112 іссапар жүзеге асырылды.

Былтыр 658 мемлекеттік қызмет көрсетілді, қызметтер уақытылы, ескертусіз көрсетілді.

Өткен жылы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 127 аукцион өткізілді, онда ауданы 90 гектар 198 жер учаскесі сатылды. Аталған учаскелерден бюджетке түсетін түсімдер сомасы 385 796 мың теңгені құрады.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерін пайдалану ерекше бақылауда. Облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін азаматтарға есепті жылы 180 учаске берілді. Бүгінгі таңда облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне кезекте тұрған адамдар саны 53 мыңнан асты. Осы орайда, азаматтарға өздерінің кезектілігін жария кадастрлық картада (https://map.gov4c.kz/egkn/) көруге болатындығын жеткіземіз.

Бұдан басқа, басқарма есепті жыл ішінде жерді игеру, жерді ұтымды пайдалану, ұтымсыз пайдаланып жатқан жерлерді қайтару, жайылымдық жерлер және тағы басқа да мәселелер бойынша облыстың барлық аудандарында екі мәртеден халықпен кездесулер өткізді.

2023 жылы облыста елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. Халықты жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында 404 мың гектар аумақта бірлесіп пайдалану туралы меморандумдар жасалды. Абай ауданында – 19,6 мың гектар, Ақтоғай ауданында – 23 мың гектар, Бұқар жырау ауданында – 5,6 мың гектар, Қарқаралы ауданында – 141,3 мың гектар, Нұра ауданында – 169 мың гектар, Осакаров ауданында – 17,3 мың гектар, Шет ауданында – 16,7 мың гектар, Приозерск қаласында – 6,2 мың гектар, Теміртау қаласында – 0,8 мың гектар, Шахтинск қаласында – 4,5 мың гектар.

243,5 мың гектар аумақта жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары негізінде және басқа да жолдармен шалғайдағы жайылымдар ұйымдастырылды. Абай ауданында – 55,1 мың гектар, Бұқар жырау ауданында – 3,5 мың гектар, Қарқаралы ауданында – 182,9 мың гектар, Осакаров ауданында – 2 мың гектар алаң бар.

Халыққа мал басын жаюы үшін 327,6 мың гектар жер ауылдық округ әкімдеріне уақытша өтеусіз пайдалануға берілді. Абай ауданында – 9 мың гектар, Ақтоғай ауданында – 70,9 мың гектар, Бұқар жырау ауданында – 10 мың гектар, Нұра ауданында – 141,1 мың гектар, Шет ауданында – 96,6 мың гектар.

2 мың гектарға елдімекендердің шекарасын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Абай ауданында 1 мың гектарға, Осакаров ауданында 400 гектарға, Балқаш қаласында 800 гектарға.

Сонымен қатар, жер қатынастарын реттеу тек жер учаскелерін берумен шектелмейді. Жерді тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында жер пайдаланушылар мен жер учаскелерінің меншік иелері қолданыстағы жер заңнамасының барлық нормаларын сақтауы қажет.

Былтыр Бұқар жырау және Осакаров аудандарында шалғайдағы жайылымдарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің «Жайлау» пилоттық жобасы іске асырылды. Бұл пилоттық жоба суландыру құрылыстарын (ұңғымалар, құбырлы және шахталық құдықтар, қазандар), мал айдау трассаларын, мал тоқтайтын және суаратын алаңдарды, албарлар, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап-бөліп жаюға арналған қашаларды, ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық өңдеуге арналған жармаларды, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге арналған құрылыстар мен объектілерді орнатуды қамтиды, сумен жабдықтау объектілерімен, персоналдың маусымдық тұруына арналған құрылыстармен қамтамасыз етіледі. Жобалардың жалпы құны 126 миллион 800 мың теңгені құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында былтыр облыс бойынша мемлекет меншігіне 542,9 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер (15,5 мың гектар – егістік, 508,4 мың гектар – жайылым) қайтарылды. Оның 286,8 мың гектары ерікті негізде, 170 мың гектары жер пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты, 74,1 мың гектар сот шешімі бойынша, 12 мың гектар басқа да жолдармен қайтарылды.

Облыс бойынша 2024 жылға арналған пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жоспары 165 мың гектарды құрайды.

Былтыр 5 сәуірде Мемлекет басшысы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының № 221-VII ҚРЗ Заңына қол қойды. Осы Заң арқылы, кенттерді, ауылдарды, ауылдық округтерді қоспағанда, елді мекендер аумағында мемлекеттік қызметті қарау мерзімін 30 күнге дейін оңтайландыра отырып, жер учаскесіне құқықтарды электрондық форматта берудің жаңа тәртібі ұсынылды.

Жаңа тәртіпті іске асыру мақсатында жер, құқықтық, табиғи және өзге де кадастрлардағы мәліметтерді қамтитын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі (Жария кадастрлық картасында) әзірленді. Осы жүйе арқылы қолданыстағы процестердің ашықтығына қол жеткізуге, қайталануды болдырмауға, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін ресімдеуге байланысты бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік ашылды.

Нұрлан ЛАМБЕКОВ,
облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button