Руханият

Жерасты өткеліндегі «жеті қазына»

Қарағандыда Кеншілер мəдениет үйі алдындағы жерасты өткелінде «Жеті қазына» муралы салынды. Қалалық урбанистика орталығының идеясын AirG суретшілер тобы жүзеге асырды.

мурал

– Біз жерасты өткелі жаяу жүргіншілер жолдан қауіпсіз өтуге арналған орын ғана емес, сонымен қатар, оның тартымдылық нүктесі, көрмелер, концерттер, дəрістер жəне басқа да іс-шаралар өтетін орын, талантты суретшілер мен музыканттар өз туындыларын ұсынатын жəне аудитория таба алатын орын болғанын қалаймыз.

Біз муралды «Жеті қазына» деп атадық. Бұл Қарағанды облысының жеті қазынасы – оның жеті қаласы жəне олардың көрікті жерлерін білдіреді. Қала бойынша барлығы 14 мурал бар, – деді урбанистика орталығының жетекшісі Валерия Хасуева.

Муралдың авторы – Диана Қайырбекова. Ол – сəулет факультетінің студенті, кезінде урбанистика орталығына тəжірибеге келіп, жерасты өткеліне арналған суреттің эскизін жасау тапсырмасын алған. Бойжеткен алға қойған міндетін сəтті орындаған. Муралдың ұзындығы 30 метрден асады, биіктігі шамамен 2 метр. Бүйірлерінде AirG командасы мен урбанистика орталығының Instagram парақшаларының QR кодтары орналасқан.

– Біз бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейміз. Ал, туған қаламыз Қарағандыда жобаларымыз көп. Жерасты өткелінде алғаш рет сурет салынды. Муралды салу үшін бір апта бойы бес суретші жұмыс істеді. Урбанистика орталығы бізге эскиздер берді, біз оларды түрлі бояулармен боядық. Акрил негізіндегі арнайы бояумен боялған. Суретті жууға болады. Ең бастысы, муралға ұқыпты қарау керек, өйткені біз мұның бəрін адамдар үшін жасаймыз, – деп атап өтті AirG командасының негізін қалаушы Николай Селютин.

Муралдың ашылуын заманауи өнер кураторы Лариса Карчевская ұйымдастырды. Оның айтуынша, соңғы уақытта Қарағанды мен облыста көше өнері тақырыбы талқыланып жатыр.

Бұл мурал жайлы қала тұрғыны да өз ойын айтып кетті.

– Əдемі болып шықты. Сондай-ақ, бұл жастардың қандай да бір жолмен дамуына көмектеседі. Мүмкін біреу қызығушылық танытып, сурет сала бастайды, – дейді қарағандылық Мария Овчарова.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button