Жаңалықтар

Жер заңнамасында ерекшелік бар

Халқымыздың баға жетпес байлығы – жердің қадірін біліп, оны тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы саласында үздік, әлемдік технологияларды қолдану арқылы оның құнарын арттыра отырып, сапалы өнім алу – маңызды. Бос, пайдаланылмай жатқан жерге күтім жасайтын, құнарсыздануына жол бермейтін меншік иесі керек. Жалпы, жер алу мен оған иелік етудің де өз міндеттері бар.

 

Иесіз жатқан жер екен деп кез келген адам иемдене алмайды. Арнайы заң шеңберінде, құжаттама негізінде, конкурстық талаптардан өте отырып, бос жерлерді иелікке алуға, кәдеге жаратуға әбден болады. Оның ішінде, ауылшаруашылық жерлерді пайдаға жарату басты назарда. Жалпы, жер учаскелеріне иелік етудің құқықтық ерекшеліктері туралы облыстың жер қатынастары басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр Instagram желісіндегі тікелей эфирде егжей-тегжейлі баяндап берді.

– Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, жер учаскелерінің кейбір жер санаттары бойынша құқық беру ерекшеліктеріне баса назар аударуымыз қажет. Оның ішінде, маңыздысы – ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учаскелерін табыстау ерекшеліктері. Қазіргі уақытта бос жер учаскелерін қараудың ашық көзі – АИС ГЗК базасы. Базада рәсімделген жер учаскелері көрсетіледі. Онда сызылмағаны бос жер учаскелері болып табылады. Алайда, бұл жер учаскелері халықтың мал жаюы үшін шалғай жайылымдар, арнайы пайдалану режиміндегі нысандардың күзет және санитарлық аймақтары, резервтелген жерлер болуы мүмкін. Осыған байланысты толық ақпаратты жергілікті жер қатынастары бөлімдерінен алу қажет. Жеке немесе заңды тұлғалар Жер кодексінің 43-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану құқығын беру жөнінде өтініш бере алады. Әрі бұл процесс аукцион және конкурстық негізде тоқсан күннің ішінде жүзеге асады, – дейді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Жер кодексінің 43-1-бабы, сондай-ақ, шаруа қожалығына ауыл шаруа­шылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асады. Бұл құқық конкурсты ұйымдас­тыру және өткізу қағидаларына сәйкес беріледі. Конкурс туралы хабарлама жергілікті баспасөз беттерінде және жер ресурстарын басқару комитетінің интернет ресурстарында жарияланады. Конкурсқа қатысу үшін өтінім және ұсыныс нөмірленген, тігілген түрде жабық конвертке салынады. Конкурс жеңімпазы атқаратын жұмысына сай балл ұпайымен анықталады. Бір ерекшелігі – сол аймақта 5 жыл тұрған адамға қосымша 10 балл беріледі. Егер конкурстық ұсыныста балл тең болса, жеңімпаз комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруімен анықталады.

– Сонымен қатар, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану құқығын иеліктен шығару мүмкіндігі туралы түзету күшіне енді. Бұл ретте осы жер учаскелеріне жалдау құқығын сатып алудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығару, егер Қазақстан Республикасының Жер кодексінде өзгеше белгіленбесе, жер пайдалану құқығы берілген сәттен бастап бес жылдық жалдау мерзімі өткен соң азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде жүзеге асырылады. Яғни, кемінде 5 жыл пайдаланылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің жер пайдалану құқығын азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде екінші жер пайдаланушыға сату мүмкіндігі бар, – дейді басқарма басшысы Дарын Бұлқайыр.

Өнеркәсіп, көлік, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлерді берудің де өз ерекшеліктері бар. Өндіру, бірлескен барлау және өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізу мақсатында жер учаскелері облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде беріледі.

Қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялар – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялар мен рұқсаттарды – Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы береді. Бұл мақсатта конкурс, аукцион ұйымдастырылмайды. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі болғандықтан жұмыс процесі «Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына» сәйкес жүзеге асырылады.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button