Жер – ырыс, инвестиция – тыныс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет», – деп баса белгіледі. Демек, алып кешенінің басты мақсаты – еліміздің азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үдеден шығу үшін облыс аумағында нақты шаралар іске асты. Құмсағатты кері аударарлық шама арасында егіс орағының ау жайы, мұндағы мемлекеттік қолдау тетіктері, болжам мен нәтиже сынды бірқатар тақырыптар албарына дүрбі салып көрдік.

Президент пәрмені
– Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялаудан арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек. Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі, – деп айшықты да айқын бағдар берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ұстын ойлар әр шаруаның шашау шықпас ісіне жол көрсетер алтын қазық. «Берсең, аласың, ексең, орасың» деген мақалдың маңызы осыдан шықса керек-ті. Қым-қуыт кезеңде қапы қалмай, қамбасын қазынаға толтыру – берекеге бастары ақиқат.
Шарайна
Алдымен атап айтайық. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы жыл сайын кеңейтіліп, заманауи интенсивті технологиялар енгізілу үстінде. «Не тапсақ – ниеттен». Мал басын көбейту арқылы ет және сүт өнімдерін өндіру көлемі де айтарлықтай артып келеді. Дәп осы арада Президент пәрмен еткен инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқаны көңіл көншітеді.
Сандарға жүгінсек, тек биылдың бірінші жартыжылдығында аграрлық секторда оң динамика төбе көрсетті. Алты айдағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 101,8 млрд теңгені құраған. Өткен жылға бұрылсақ, одан артық. Былтыр көрсеткіш 87,6 млрд теңге болған еді. Нақты көлем индексі де 103,1%-ды құрап отыр. Мал шаруашылығы саласында өндіріс көлемі 100,5 млрд теңгеге жетіп жығылды. «Әп, бәрекелді!» дейтіндей-ақ. Өсімдік шаруашылығы да өркенсіз емес.
Өндірілген өнім тура 1,2 млрд теңгені, нақты көлем индексі 127,6%-ды құрады. Ет өндірісінің 44,0 мың тоннаны құрап, былтырдан озық шыққан. Сүт өндірісі де өсіп, 102,6 мың тоннаны құрады. Мұнда тек, жұмыртқа өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 94,6%-ға дейін кемігендей көрінеді.
Ілбіп емес, ілгерілеп келе жатқан мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін облыста не істелді? Әуел баста азықтық дақылдар алқабы 171,6 мың гектарға дейін едәуір ұлғайтылды. Статистика деректері облыс аумағында 430,7 мың бас ірі қара, 370,4 мың бас жылқы, және 684,4 мың бас қой-ешкі бар дейді. Енді мал басын қытымыр қыстан есен шығару үшін 1,9 млн тонна шөп дайындалуы тиіс. Міндет айқын. Шөп шабу кезеңін уақытылы әрі ойдағыдай орындау үшін өңірде 4 532 шалғы, 3 107 тырнауыш, 1 788 сырма, және 987 пресс-жинаушы техникасы кідіріссіз кіріс қылуда. «Жайылым жер жоқ» демеңіз, облыстағы үш орман шаруашылығы кәсіпорны қарамағындағы 21 мың гектар мемлекеттік орман қоры мал азығының аясын кеңейтуге мейлінше мүмкіндік. Оның 2,0 мың гектары – шабындық, 20,0 мың гектары – жайылымдық алқаптар.
Шабындықтар шаруаны шаршатпайды. Облыс аумағында мал азығын дайындау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мақсатында өңірлік жұмыс тобы мемлекеттік және орман қорындағы жерлерді шөп шабуға беру жолындағы жүргізіп жатқан жұмысы аса ауқымды. «Пәлі» дегізерлік бастама аграрлық сектордың азықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қыстық мал азығын дайындау шеңберін кең етек қылып кеңейтуді көздеді. Сенбесеңіз, «Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау кәсіпорны» мемлекеттік мекемесі аумағында 2439 гектар жайылым, 95 гектар шабындық жер бар. Анықтасақ, «Ақтоғай орман және жануарлар дүниесін қорғау кәсіпорны» мемлекеттік мекемесінің қарамағында 8457 гектар жайылым, 568,9 гектар шабындық тіркелген. Қызығушылық танытсақ, «Қу орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы» құрамында 1097 гектар шабындық, 6271 гектар жайылымдық жер қарастырылған. Гәп мынада. Аумақтарды мақсатты түрде тиімді пайдалану ләзім. Сонда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің азық дайындау мәселесі едәуір жеңілдейтіні анық. Ал, соңыра шөп шабу науқаны қарқынды жүрген болса, мал басын қыстан шығынсыз алып шығамыз.
Тамған тер – толған қамба
Қош делік, дерек пен дәйек кірпік қақпай мәліметті нақ берді. Есесіне кәнігі маманның сөзі сенімге секем алдырмасы анық. «Күзден не күтеміз?» деген рәуішті сауалымызға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов мырза ауыл шаруашылығына рекордтық деп бағамдарлық инвестиция игілігінің келгенін көлденең тартты.
– 34 жаңа жоба іске асады. Нәтижесіз емеспіз. Өңір бойынша 1350,7 мың тонна шөп, 4,5 мың тонна пішендеме дайындалды. Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 31,4 млрд теңге инвестиция құйылды. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына қарата сарп етілді. Азықтүлік өндірісіне 4,7 млрд теңге жұмсалды. Ішкерідегі нарықты сапалы отандық өніммен қамту межесі кенже қалмады. Облыс агроөнеркәсіп кешенінде тек өнім өндіре берумен шектелмей, оның экономикалық әлеуетін де арттыра түсті, – деді спикер.
Серпін сенім ұялатады. Әр жоба маңында мыңдаған демесек те, жүздеген жұмыс орны ашылып жатқаны да айғақты іс. Жалпы құны 47,1 миллиард теңгені құрамақ. Жоспар жойдалы. Түп нәтижесінде 365 жаңа жұмыс орны құрылады. Жоба атаулысы ауыл шаруашылығының үш негізгі бағытын қамтиды. Мал шаруашылығы саласына оралсақ, жалпы сомасы 14,3 миллиард теңгеге жеті жоба қолға алынып, 144 адам жұмысқа орналасады. Өсімдік шаруашылығының айналасында 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Құны – 27,5 миллиард теңге болса, қосымша 113 жаңа жұмыс орны ашылады. Азықтүлік өнімдерін қайта өңдеу өрісінде 4,1 миллиард теңгеге сегіз жоба іске асырылады. Соңыра таман 126 адам еңбекпен қамтылмақ. Бармақ бүгіп санай бастағанымызда қазірде 10 миллиард теңгенің жеті жобасы нақты іске қосылғанын, 74 адам жұмыспен қамтылғанын аңғардық. Оның ішінде, мал шаруашылығы шеңберінде бір жетелі жоба жүзеге асып, 4,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, 20 адамға жұмыс берілген. Өсімдік шаруашылығы өрісінде бақандай бес жоба өркендеп, жалпы құны 900 миллион теңгені құраған. Қайта өңдеу саласында 1 миллиард теңгеге бір жоба іске қосылып отыр. «Ауылдың ахуалы» дегенде оның экономикасына темірқазық боларлық осы орайлы да жағымды жайттарды неге атамасқа?! Жыл соңына дейін тағы да бірнеше жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр.
Тұрақты өсім мұратты бекем етпек. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 522,0 миллиард теңге деңгейінде болады деп болжанады. Өткен жылмен салыстырған болсақ, 106,4%-ға жоғары көрсеткіш. Азықтүлік өнімдерін өндіру саласындағы өсім де айқын. Ет өндірісі 103,4 мың тоннаға жетеғабыл. Сүт өндірісі 217,7 мың тоннаны құрап, 103,2%-ға өседі. Ал, тамақ өнімдерін өндіру секторына 10,5 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Қарқын қар талдырады. Әлбетте, үр жаңа технология енгізу, мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық белсенділік салаға шырай сыйлары айтпаса да түсінікті. Арман не, алда дәл осы қарқынды сақтап қалу және одан әрі дамыта түсу ендігі мүдде.
– Алда – егін орағы. Басты мақсат – сан соқтырмас сапа мен тастай тұрақтылық. Науқанға дайындық жүріп жатыр. Тастүйін тапсырма – егін орағын сапалы және уақытылы өткізу. Өңір диқандары биылғы орақ маусымына тыңғылықты дайындалуда. Биыл дәнді дақылдарды жинау алқабы 914,7 мың гектарды құрайды. Бидай – 779,2 мың гектар, арпа – 117,3 мың гектар, сұлы – 11,5 мың гектар, дәнді-бұршақты дақылдар – 3,2 мың гектар. Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары оң нәтиже беріп отыр. Майлы және азықтық дақылдардың көлемі айтарлықтай ұлғайтылды. Азықтық дақылдар алқабы 10,8 мың гектарға ұлғайып, 55,5 мың гектарға жетті. Тек дәстүрлі дақылдармен шектелмей, көкөніс пен картоп өндірісі де өз үлесін қосуда. Картоп – 14,7 мың гектардан жиналады, оның ішінде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үлесі – 10,7 мың гектар, көкөніс – 2,06 мың гектардан жиналады, – деп дәйектеді сөзін Сырым Бейсебайұлы.
Алаң мен алқап
Не дейміз, жауапты шақта табиғат тосын мінез танытқанымен, шаруа тоқтаған жоқ. Жоспар – айқын, міндет – маңызды: әр гектардан барынша өнім алып, астық қоймаларын толтыру қажет. Алдын ала жасалған астық-жем теңгерімі биылғы жағдайға шынайы көзқараспен қарауға діттегендей. Орташа түсім гектарына 9,8 центнер көлемінде болады деп күтілуде. Соның ішінде бидай – 767,9 мың тонна көлемінде болмақ. Көңіл көзі әріде. Иә, биылғы науқанның көрсеткіштері біршама төмен, дегенмен, күтілетін астық ресурстарының көлемі өңірдің негізгі қажеттіліктерін жабуға толық мүмкіндік береді.
Жіпке тізіп жіліктегенде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз-өзін тұқыммен қамтамасыз ете алады: дәнді дақылдар тұқымына қажеттілік – 103,1 мың тонна, картоп тұқымына – 31,5 мың тонна. Сонда алынған өнімнің бір бөлігі қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер алдындағы берешектерді жабуға жұмсалады. Картоп алқаптарындағы орташа түсім гектарына 240 центнер деңгейінен асса, кемімесі кәдік. Яғни, шамамен гектарына 353,2 мың тонна картоп жиналады деген сөз. Ал, көкөніс шаруашылығында гектарына 330 центнер өнімділікпен 66 мың тонна көкөніс жиналып қалады. Көзайым көрсеткіш – ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің өтеуі, қажырлы еңбектің жемісі. Жыл басынан бергі ауа райының құбылмалылығы мен алапат аптапқа қарамастан, жер ананың берер ырысы – әлі де мол. Егін даласындағы тіршілік енді басталды. Диқан үшін әр күн, әр сағат – маңызды.
Астық алқаптарындағы жағдай тұрақты, бірақ, қауіп те жоқ емес. Соған қарамастан, егістіктің жалпы жағдайы – қанағаттанарлық. Қазіргі таңда дәнді дақылдардың 57,2%-ы (523,3 мың гектар) жақсы күйде, ал, 38,3%-ы (350,7 мың гектар) – қанағаттанарлық деп бағалануда. Өкінішке қарай, 4,2% (38,6 мың гектар) алқаптың жағдайы нашар. 2,1 мың гектар немесе 0,2% алқап әртүрлі себептермен жойылған.
Егіннің даму фазасына келсек, оның басым бөлігі пісіп-жетілу сатысында. Мәселен, 20 мың гектар (2,2%) – түтікке шығу фазасында; 16,6 мың гектар (1,8%) – масақтану кезеңінде; 177,1 мың гектар (19,4%) – гүлдену сатысында. Қалған егістік пісіп-жетілу кезеңіне көшкен. 251 мың гектар – сүттену, 176,9 мың гектар – сүтті-балауыздану, 239,4 мың гектар – балауыздану, 30,8 мың гектар – толық пісіп-жетілу фазасында тұр. Ауа райының қолайлылығы және орақ техникасының дайындығы – биылғы түсімді айқындайтын негізгі факторлар. Табиғатпен қатар, тағы бір сынақ – киліккен киіктер шоғыры. Әсіресе, Абай, Нұра және Шет аудандарындағы бірқатар шаруашылықтарға киік тұяғының табы елеулі залал әкелген. Бұл үш аудан – Бетпақдала популяциясының табиғи мекен ету аумағы. Соңғы есеп бойынша, Абай ауданында 6 ауылдық округ, Нұрада – 11, Шетте – 2 ауылдық округ орналасқан барлығы 19 округте киік санының айтарлықтай өсуі тіркелген. Ерекше экологиялық жағдай. Оның үстіне, Абай мен Нұра аудандары – облыстағы негізгі астықты өңірлердің бірі екенін ескерсек, мәселе тек экологиялық қырынан ғана емес, аграрлық қауіпсіздік тұрғысынан да өзекті.
Мамандар қазірде осы аумақтарда жағдайды бақылауға алып, егістікке келтірілген залалды есептеу әрмен қарай мүмкін болатын шығынның орнын толтыру тетіктерін қарастыруда. Егін алқаптары толысып, орақ жақындаған сайын диқандардың үміті де, жауапкершілігі де арта түседі.
Зардап шеккен шаруашылықтардың саны да аз емес. Абай ауданында – 43 шаруашылық, Нұра ауданында – 50 шаруашылық, Шет ауданында – 34 шаруашылық шығынға ұшырады. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен көлемдегі залал.
Шаралар қабылданып жатыр, бірақ… Жағдайды бақылау және залалды азайту мақсатында облыстың барлық өңірлерінде «Охотзоопром» кәсіпорнының өкілдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының мамандары мен жергілікті әкімдік қызметкерлері күнделікті кезекшілік ұйымдастырып, киіктердің қозғалысын бақылауда ұстап отыр. Алайда, қолданылып жатқан шараларға қарамастан, егіс алқаптарын таптау фактілері әлі де тіркелуде. Бұл жағдай шаруалар үшін ғана емес, облыс экономикасы үшін де алаңдаушылық тудырады. Киіктер – табиғат аманаты. Бірақ олардың санын реттеу мен ауыл шаруашылығы мүддесін тең дәрежеде қорғау – мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қазір диқандар табиғатпен күреспей, оны түсіне отырып, еңбегінің жемісін аман сақтап қалуға тырысып жатыр.
Қолдау қоржыны қомақты
Ауыл еңбеккерлері үшін мұндай күндер – сынақпен өрілген еңбек маусымы дерсіз. Табиғаттың тосын мінезінен кейін енді дала еркесінің тұяғынан зардап шеккен шаруалар алғы өнімін жинауға кіріскен. Қазірдің өзінде Абай мен Нұра аудандарында кейбір шаруа қожалықтары егінге орақ салып үлгерді. Жағдай күрделі, не дегенімізбен, жұмыс тоқтаған жоқ. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан киік санын реттеу, сондай-ақ, егіс алқаптарын қоршауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін субсидиялау жөнінде мемлекеттік қолдау көрсету туралы нақты ұсыныстар жолдануда. Келелі мәселе – шаруалардың кезекті бір өтініші емес. Қаймана елдің азықтүлік қауіпсіздігіне әсер ететін өңірлік деңгейдегі өткір сұрақ. Жауапкершілік жүгі жеңіл емес.
Облыс бойынша әзірге 3 мың гектардан астық жиналып, орташа өнімділік 8 центнерді құрады. Барлығы 2,4 мың тонна астық бастырылды. 204 мың гектар ерте пісетін картоп алқабынан 4,1 мың тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына – 202,9 центнер. Жалпы, жаппай орақ науқаны сарша тамыздың соңында, қыркүйек басында басталады деп күтілуде. Қазір шаруалар дайындықты соңғы кезеңге жеткізуде. Техника сақадай сай. Егін жинау науқанына облыс бойынша 1 976 астық жинайтын комбайн, 220 картоп жиятын комбайн, 162 картоп қазатын машина жұмылдырылмақ.
Әл-әзір заманбап техникалардың дайындық деңгейі – 98%. Жөндеу жұмыстары, техникалық байқау, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету шаралары қарқынды жүріп жатыр. Диқандар әр сәтті бағалап, бірде-бір минутты ысырап етпеуге тырысуда. Табиғатпен бетпе-бет келген ауыл шаруашылығы мамандары үшін бұл – тек еңбек маусымы ғана емес, шыдам мен табандылықтың, сенім мен үміттің кезеңі. Алдын ала есептеу бойынша, барлық комбайндардың тәуліктік өнімділігі 43,2 мың гектар болғанда, егін жинау 24 күнтізбелік күнде жүргізіліп қалады.
Күзгі дала жұмыстары да қарқын алды: дизель де бар, тыңайтқыш та дайын. Жауапты науқанға дайындықты ерте бастаған облыс шаруашылықтары бүгінде жаппай егін орағына, тыңайтқыш себуге, топырақ өңдеуге бел шешіп кірісіп кеткелі қашан. Дизель отыны – шаруаларға литрі 250 теңгеден. Күзгі дала жұмыстары үшін 19,6 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шіліңгір шілдеде – 1,04 мың тонна, тамылжыған тамызда – 11,4 мың тонна, қырманды қыркүйекте – 7,0 мың тонна, қазан айында – 0,06 мың тонна деген мөлшер бар, орта есеппен. Мұнай өнімдерін жеткізу жұмыстарын «Мұнай-Company» мен «Retail Trade Oil» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің операторлары кестеге сай жүзеге асыруда. Дизельдің литрі – бар болғаны 250 теңге. Тыңайтқыш – өнімділіктің кепілі. Астықтың мол болуы тек ауа райына емес, жердің құнарлылығына да тікелей байланысты. Сондықтан, биыл минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі айтарлықтай артты.
Облыс бойынша 93 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін шаруашылықтар 65,6 мың тоннаға шарт жасасты. Соның 64,9 мың тоннасы тасылып алынды. Күзгі қолдануға қажетті тыңайтқыштар бойынша шарт жасасу жұмыстарында кідіріс жоқ. Отандық өнімге – нақты қолдау ретінде салалық басқарма отандық тыңайтқыш өндіруші зауыттарды қолдауға да ерекше назар аударуда. Биыл екі қазақстандық зауыттың шотына 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы аударылды. 9,8 мың тонна аммофос алуға – 1 304,5 млн теңге, 3,4 мың тонна аммиак селитрасына – 286,6 млн теңге.
Былтыр ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік субсидиялар айтарлықтай ауқымға жеткен еді. Аванстық төлемдер шеңберінде 3 338 тонна аммофос, яғни, 402 миллион теңгеден астам көлемде, 1 561 тонна аммиак селитрасы, шамамен 129 миллион теңге субсидияланды. Еселегенде облыстағы астық сақтау мәселесі де толық шешімін тапқан: жалпы сыйымдылығы 1 209,5 мың тоннаға жететін қамба қуаттары дайын. Лицензияланған элеваторлар да өзіне бек сенімді: «Осакаровка Нан» – 59 мың тонна, «Орталық Қазақстан элеваторы» – 32,5 мың, «Сарыбел Нан» – 36 мың және де «Daratt» – 17,5 мың тонна сыйымдылықпен ауылшаруашылығы өнімдерін сақтауға әзір. 83 мың тонна сыйымдылықтағы үш лицензиясыз астық қабылдау кәсіпорны, шаруашылықтардағы 598 қойма – 982 мың тонна астықты сенімді түрде сақтауға мүмкіндік ұсынып тұр. Жаңа астықты қабылдауға кәсіпорындардың материалдық-техникалық базалары сақадай сай. Картоп пен көкөністі сақтау үшін арнайы 138 қойма бар. Сыйымдылығы 340,2 мың тоннаны құрайды.
Көктемгі егіс пен егін жинау науқанында қарқын бәсеңдемес. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылған «Кең дала», «Кең дала 2» бағдарламалары аясында 248 шаруашылық құрылымы 14,1 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Жылдың басынан бері 12,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Ауыл шаруашылығын техникалық қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқасында 219 шаруашылыққа 8 млрд теңге несие беріліп, 529 бірлік заманауи техника сатып алынды. Мемлекеттік қолдау аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 5 млрд теңге субсидия бөлінді. Қомақты қаражатқа тұқым шаруашылығын дамытуға – 600,5 млн теңге, пестицидтердің құнын өтеуге – 2,3 млрд теңге, су жеткізу қызметтеріне – 148,2 млн теңге, тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 1,98 млрд теңге жұмсалуда.
Сөз соңында
…Ала жаздай аспан астында қарбаласқан диқан мен мал азығына маңдай терін сіңірген еңбеккердің үргедек үміті күрең күздің алтын арқауы-дүр. Қыстың қамын жаз ойлаған ел ертеңге селкеусіз сеніммен қарекетін әсте тоқтатпайды. Зеңгір көктен жауын азырақ тамғанымен, қара жерден қазына ортаймас. Шаруалар қауымы биыл да босаңсымады, белін бекем буды. Президент пәрмені – бағдар. Мемлекеттің мейірі – тірек. Ал, шаруа – елдің еңсесі. Ауыл – елдің жүрегі. Биылғы алтынқоңыр күз – сынақ пен сенімнің аралығындай. Теңдессіз техниканың «тісі» қайраулы. Қойма мен қамба іші даяр. Шөп шабу науқанында ширақтық аңдалады. Ендігі бар күш – орақ науқанына арналмақ. Қырмандағы қимыл күннен күнге үдей түседі. Жолдау жолындағы жүйелі жұмыс пен жер емген бұқара халықтың қажыр-қайраты тоғысып, ауыл экономикасын жаңа белеске көтеріп келеді. Қара жерге тамған тер – қазыналы қамбаға айналатын күн де алыс емес. Тың жерге түрен салған жұртың тілеуі бір-ақ: «береке болсын» дейді!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»