Рухани жаңғыру

Жер-су аты – бабалар хаты

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген еді. Әрбір атау – тарихтың табы сіңген нысаналы белгісі. Мұндай ұлттық және рухани байлығымыз саналатын топонимдерді зерттеу бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Кез келген аймақтың жер-су атаулары өз бойына көптеген тарихи деректерді, этнографиялық мәліметтерді, географиялық сыр-сипаттарды сақтап отырады.

Топонимдегі деректер белгілі бір географиялық ұғым атаулары болғандықтан, олар арнайы сұрыпталған лексикалық қабаттардан тұрады. Көне дәуір куәсі болып табылатын аймақ топонимдері халықтың этнографиялық, қоғамдық, әлеуметтік жай-күйінен, өткендегі өмір-тіршілігінен әр қилы мәлімет береді.

Қарағанды облысының топонимдері де республикамыздың басқа өңірінің топонимдері сияқты белгілі бір мерзім, кезеңнің ғана емес, сан мыңдаған жылдардың, тұтас бір дәуірдің жемісі. Сондықтан да, олар қоғам өмірі, халық тіршілігімен тығыз байланысты. Олардың құрамында да әр дәуірді, әрбір кезеңдерде Қарағанды облысын мекендеген әр алуан елдің тілі мен сөзінен қойылған географиялық атаулар саны көптеп кездеседі. Облыс топонимдерінің бір тобы көне заман, ескі тарихымызбен тығыз байланысты болып келсе, екінші бір басым тобы – Кеңес өкіметі тұсында пайда болған, социалистік дәуірдегі және одан кейінгі өзгерістердің айқын куәсі. Облыстағы әрбір топоним белгілі бір мағынаға, алуан түрлі құбылысқа ие, семантикасы жағынан жеке объектілерді атайтын жалқы есімдердің ерекше тобына тән. Әрбір географиялық атау тарихи, әрі, оның мағыналық өрісі де кең. Олар замана құбылысына, өзгерісіне қарай әр түрлі мағлұматқа: түрлі соғыстар, халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, халықтардың қарым-қатынасына және тағы басқа тарихи оқиғаларға бай.

Халықтық топонимиканың бір ерекшелігі – топонимикалық атаулар сол халықтың тікелей авторлығымен қойылуы себепті фольклор мен көркем әдебиет шығармаларында өз көрінісін бермей тұра алмайды. Түрлі дерек көздері Дешті-Қыпшақ жерінде бай мәдени тұрақтар болғанын мәлімдейді. Хафыз Тыныш осындай тұрақтарға Бесағаш, Болған Ана, Талмас Ата, Жетім қорған, Мыңбұлақ, Үшқоңыр, Белен ана, Сарайлы, Торайлы, Басқамыр және т.б. жатқызса, Шарафеддин Әли Язды Орда-Базар, Сегізағаш, Ұлытаг, Кертаг, Ақ зират тұрақтарын атаған. Осының бәрі қыпшақтарда жартылай отырықшы мал шаруашылығы және өзен аңғарлары мен жазираларында суармалы жер шаруашылығы дамығандығын дәлелдейді.

Бұл халықтық топонимдердің ерте орта ғасырдан бастап бастау алатынын білдіреді. Топографиялық орналасуы бойынша – Сарысу, Кеңгір, Жезді, Торғай, Нұра өзендерінің бойында орналасқан. Бұлай орналасуында да өзіндік бір ерекшелік бар еді. Ол, біріншіден өзен аңғары, судың жағасы болса, екіншіден, ежелгі меридианды көшіп-қону жолдарымен қыстаулардан жайлауға көшу жолдарында кездеседі. Тағы бір айта кететін мәселе, бұл сауда жолдары болатын. Көне дәуірлерден-ақ, батыс пен шығысты жалғастырып, байланыстырып жатқан Жібек жолы, Түркістан, Сығанақ қалаларынан бір жол Сарысу, Кеңгір, Нұра өңірлеріне әкелсе, келесі бір жол Оңтүстік Оралға апарады.

Бұл тарихи оқиғаларды баяндап отырған себебіміз Дешті Қыпшақ кезеңінен бастап осы аймақ бірнеше ұлы тарих кезеңдерді басынан өткерді. Соның бірі Жошы ұлысы кезеңіне де қатысты. Ұлытау ұлан байтақ Жошы ұлысының саяси әлеуметтік орталығы болды. Қарағанды облысының тарихи топонимикасының бірнеше қабатта мыңжылдық тарихы бар екеніне куә боламыз. Биыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы кезеңде жаңа тұрпаттағы атаулар үнемі облыстық ономастикалық комиссияның талқылауында қолдау тауып келеді. Облыстық ономастикалық комиссиясының төрағасы А.Нүкеновтың әр отырыста ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тіл жанашылары қатысумен әрбір атауды жан-жақты талдаудан өткізеді. Мен 2019 жылдан бері осы комиссия мүшесі ретінде бірнеше ақпаратпен бөлісуді жөн көрдім. Облыстың әкімшілік-аумақтық бірліктерінің жалпы саны – 596, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің саны (көшелер, шағын аудандар және т.б.) – 4463. 1991 жылдан бері облыста 1569 құрамдас бөлік пен 117 әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауы өзгерді. Ономастикаға қатысты заң талаптары өзгерген 2014 жылдан бері облыс көлемінде 22 елді мекеннің, 783 құрамдас бөліктің, 47 мекеменің атаулары өзгертілді. 2020 -2021 жылдарда шектеулерге қарамастан облыста 1 елді мекен мен 145 көше және 22 мекеменің атауларын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Облыстағы ономастика саласында ерекше серпін берген жаңалықтың бастысы – Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру ұсынысын көпшілік тыңдалымға қатысқан 685 тұрғынның бірауыздан қолдауы. Бұл ұсыныс Республикалық ономастика комиссиясынан қолдау тауып, тиісті нормативті-құқықтық акт жобасы даярланды. Ұлттық санақ өткен соң облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен қаулы, шешімімен ресми тіркеуден өтетін болады.

Сонымен қатар, биыл Қарағанды, Сәтбаев, Балқаш, Жезқазған қалалары мен Осакаров, Шет аудандарына қарасты 19 білім беру ұйымына атау беру және қайта атау туралы құжаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Өкінішке қарай, облыс көлемінде Ленин (21), Комсомол (7), Совет (14), Октябрь (17) сияқты атаулардың жалпы саны – 59. Олардың басым көпшілігі Бұқар жырау (14), Осакаров (11), Абай (10) аудандары мен Шахтинск (8) қаласына тиесілі.

Тарихи атауларды қайтаруда ғылыми негіздемелерді басшылыққа ала отырып жүргізу мақсатында облыстағы тарихшы ғалымдармен бірлесе отырып, облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен 2011-2018 жылдар аралығында барлық аудандардың топонимикасына арналған кітаптар жарық көрді. Бірнеше ауданның тарихи топонимикасын зерттеуге тікелей қатысқан болатынмын. Бұл еңбектерде ХХ ғасыр басында төл атаулар мен кірме атаулар арасындағы айырмашылқтар айқындалып көрсетілді.

Тәуелсіздік – киелі ұғым. Әр жердің нақты тарихи атауы болғандығы белгілі. Кеңестік немесе басқа келімсек атаулардың орнына тарихи атаудың берілетін уақыты жетті. Бұл іске әр азаматтың үлесін қосуы парызы деп санаймын.

Темірғали АРШАБЕКОВ, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button