Бас тақырып

Жер астындағы жылыжай – Қарағанды бренді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын дамыту мәселесі бойынша «Бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет» деген болатын. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс екендігін айтып, «Біз алдымызға ғалымдардың санын көбейту, ғылыми эко жүйені нығайту сияқты мақсаттар қойып отырмыз. Сондай-ақ, ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда болады» деген болатын.

Президенттің бұл пәрменін, Қарағанды өңірі, әсіресе, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің жерасты термос-жылыжайы сәтті орындап отыр. Аймаққа ат басын бұрғандар көмірлі қала кереметтерімен қатар жылыжайды көруге асық.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жылыжайдың жағдайы қалай?

Жерасты жылыжайы өңірде алғаш рет ашылғандықтан, аймақ үшін айтарлықтай жаңалық. Биология-география факультеті мұрындық болған жобаны өңір ғалымдары 15 жыл бойы ойластырып келген. Жақында жылыжай жұмысымен танысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев факультет оқытушыларының еңбегін ерекше атап, өз тарапынан қолдау көрсететінін айтқан. Аймақ басшысының назарына жас өскіндер, герман сортты қиярлар, сондай-ақ, гүлдер мен өсімдіктер өсірілетін екі зал көрсетілді.

– Жер асты жылыжайы – қала үшін, студенттер үшін де жақсы бастама. Бұл – біз үшін көгалдандыруға арналған өсімдіктер мен ағаштарды орналастыратын, ал, студенттер үшін зерттеу жұмыстарына арналған өндірістік база, – деген болатын Ермағанбет Бөлекпаев.

Еліміздегі үшінші жылыжайдың ерекшелігі – Арқаның саршұнақ аязында ауа райы – 28 градус болса да, жер астындағы жылыжайдың температурасы +25 градусты көрсетеді.

Құрылыс нысанын бас мердігер «Ck new city» ЖШС сапалы етіп салып берген. Жалпы аумағы 270 шаршы метрді құрайды. Ұзындығы – 45 метр, ені – 5 метр, тереңдігі – 6 метр. Жылыжай жер бетінен 80 см-ге шығып тұр. Қалған бөлігі жылуды жыл бойына бір қалыпты сақтап тұру үшін жер астына орналастырылған. Еден мен қабырғалары қыс айларында температураны +5-10 градустан төмендетпей, жылы ауаны бірқалыпты ұстайды. Мұнда тұрақты температура – +20-25 градус. Өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан сақтайды.

Биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов жылыжай екі жыл бойғы қыс айларын ойдағыдай өткергенін айтады. Осы уақыт ішінде гүлдер мен көкөністер отырғызылып, олар өнімін беріп үлгерді.

– Басында жер бетінен жылыжай салуды жоспарлағанбыз. Бірақ ол – эргономика тұрғысынан тиімсіз екенін түсіндік. Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттеу арқылы осындай жобаны дұрыс деп ұйғардық. Олардың климаты біздікіне ұқсас. Мұндай жылыжайдың Ұлытау облысында да бар екенін біліп, сонда барып, есептеулер жасадық. Жылыжай аяздың алғашқы сынақтарынан өтті. Көкөністер мен жас өскіндерді өсіріп қана қоймай, агротехнологияны дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндіріс базасын құруға ниеттіміз, – дейді Серікболат Талжанов.

Мұнда өсірілген қияр, қызанақ секілді көкөніс түрлері университет асханасының кәдесіне жарап тұр. Ал, гүлдер мен ағаш көшеттері университет аумақтарын көгалдандыру үшін, қаланың көркін ашу мақсатында өсіріліп жатыр. Жас өскіндерді өсіру жобасын осы университеттің түлегі, PhD Арайлым Серікбай табысты жүзеге асыруда. Ол өзінің бұл идеясын Қарағанды қаласы әкімінің грантымен жүзеге асырып жатыр. Екі жылға жуықтады, өнімдерін қаладағы сауда орындарына, екі асханаға жеткізеді.

Арайлым және биогумус

ҚарУ түлегі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Арайлым Серікбай «Вермикультура әдісімен биогумус бойынша модельдік учаске құру және жастарға тәжірибе тарату» бизнес-жобасымен қала әкімінің грантын ұтып алған-тын. Осы арқылы ғылым мен бизнесті ұштастырып, экология­лық бағыттағы жобаларды қолға алған. Жас ғалым терможылыжайда «BioHumusKZ» деген атаумен жастар мен ересектерге арналған алғашқы ғылыми-білім беру орталығын ашқан.

– Бізде сатылымда арнайы жас агроном box-ы шығарылады. Онда балалар микроөскіндерді өздері күтіп-баптап өсіру үшін қажет заттар топтамасы бар. Қазіргі жастарда артық салмақ, смартфонға деген тәуелділік көп. Өзім де екі баланың анасымын. Сондықтан, оның алдын алу жолдарының бірі осындай ғылымға, білімге деген құштарлықтарын ояту деп ойлаймын. Біз шығаратын өнімдердің барлығы табиғи таза әрі құнарлы. Арықтап жатқан немесе спорттық диета ұстанатын адамдарға да тұтынуға болады. Мұндай орталық ашуды бұрыннан бері армандайтынмын. Бұл жерде бес адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, студенттерді тегін практикадан өткіземіз, – дейді жаратылыстану ғылымдарының магистрі Арайлым Серікбай.

Қазір кәсіпкердің өнім тасымалдауға арнайы 3 жылдық сертификаты бар. Жылыжайда айына 500 дана микроөскін шығарылады. Одан бөлек смузи, иммунитет тұзы, сусындар да жасап, оларды сатылымға қойған. Ол өз өнімдерін қала супермаркеттерінің біріне және екі асханаға жеткізеді.

– Президент «Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет» деген болатын. Біздің ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет етеді. Жаңашыл идеялары бар жастарды ортамызға қабылдау­ға дайынбыз, – дейді Арайлым Серікбай.

Басты мақсат – кампус пен қаланы көгалдандыру

– Басқалармен қатар, жылыжайға қарбыз тұқымын отырғыздық, өскіндер шықты. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, күтімді талап ететін орхидеяларды өсіруге тырысамыз. Жас өскіндер мен көкөністерден студенттерге смузи дайындаймыз, – дейді биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің жетекшісі Маргарита Ишмуратова.

Университет ғалымдарының алдағы уақытта кампус пен қаланы көгалдандыруда пайдаланатын өсімдіктерді көбейтпек ниеті бар. Сол мақсатта термос-жылыжайда Орталық Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жеміс-жидек дақылдарының топтамасын қалыптастырмақ. Қазіргі уақытта жылыжай маңында 700-ден аса қылқанжапырақты және жалпақжапырақты өсімдіктер бар. 200 пирамидалық терек, 60 тал, сондай-ақ, шырша, қайың, үйеңкі, алма ағаштары, долана, жабайы алма ағаштары өсіп тұр.

– Аталмыш жоба міндетінің бірі – агротехнологияларды дамыту арқылы білім беру және өндірістік база құру. Білім алушылар мен қызметкерлер үшін қолайлы қоғамдық орындар жасау. Жылыжайдың ерекшелігі – ол жер бетінде емес, жер астында 2,5-3 метр тереңдікте салынған, еден мен қабырғаны қыста жылы ауамен, температураны +5-10 градустан төмендетпей бір қалыпта ұстауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде энергия тұтыну мен жылу шығынының төмендеуі байқалады. Сонымен қатар, қыста жылыжайды жылыту үшін жазда салқындатып, көлеңкелеу үшін кететін шығындар азаяды. Бұл жағдайда өнімділік 2-3 есе артатынын байқауға болады, – дейді физиология кафедрасының профессоры Айдар Мұратұлы.

Профессордың сөзіне сүйенсек, бүгінде топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, сол арқылы өсімдіктердің өнімділігін арттыру технологиясы – әлемдік сұранысқа ие. Соңғы 50 жылда топырақты аяусыз қолдану нәтижесінде оның сапасы мен көлемі апаттық жоғалудың алдында тұр. Сондықтан, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру технологияларына сұраныс жоғары. Әлемде жыл сайын 12 млн. гектар жер шөлге айналады және 25 млрд. тонна топырақтың құнарлығы жоғалады. Осыған байланысты әлемнің көптеген елдері гумус және экоқарашірік өндірудің жаңа технологияларын жасауды қолға алып жатыр.

– Қарағандыда көмірден гумус алу технологиясы бар. Біз сол көмір қалдығы (гумус) арқылы топырақ құнарын байытамыз. Сонымен қатар, топыраққа жәндіктер, құрттар саламыз. Олар өз тіршілігімен топырақты табиғи жолмен құнарландырады. Сол арқылы барлық ағашты жерсіндіреміз. Әр жердің жағдайын сол өлкенің бағбаны мен зерттеушілері жақсы біледі. Өлкенің климатына қарай топырақты құнарландыру тәсілдерін өзгертеміз. Топыраққа нақты не керек екенін біліп барып, ағашты отырғызу керек, – дейді Айдар Мұратұлы.

Профессордың айтуынша, университет аумағын абаттандыру жөніндегі жобаның басты міндетінің бірі – білім алушылар мен қызметкерлер үшін қолайлы қоғамдық орындар құру. Оған қоса, кампус пен қаланы көгалдандыруда пайдаланатын өсімдіктердің түрлік құрамын кеңейту үшін орталық Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жеміс-жидек дақылдарының топтамасын қалыптастыру. Осылайша, жоба университеттің мақсатты міндеттерімен сәйкес келеді, – дейді профессор.

Дендрарий саябақ сән беріп тұр

Озық технологиямен салынған мұндай жылыжай университеттегі биолог, биотехнолог мамандары, магистрант, докторанттарға оқу-өндірістік тәжірибе жинақтау­ға, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін кәдеге жарап тұр.

Бүгінгі таңда жылыжай маңындағы арнайы дендрарий саябақ университет көркіне көрік қосып, сән беріп тұр.

– Қала сыртында 1930 жылдары салынған ағаштар әлі өсіп тұр. Ал кейіннен егілген көшеттер жылға жетпей солып қалып жатыр. Мұның бірден-бір себебі – жерсінбеу. Біз осы мәселені дендрарий саябақ арқылы шешкіміз келеді. Қазір барынша біздің климатқа бейімделген түрлерін іріктеуге тырысып жатырмыз, – дейді Серікболат Талжанов.

Бүгінде «Бөкетов» университеті – республикадағы білім беру және ғылыми-зерттеу нысандарын дамытуға әрі зерттеуге бағытталған оқу орындарының бірі. Университет қолданыстағы инфрақұрылымды үнемі дамытып отырады.

270 шаршы метрлік жылыжай және қызметкерлер мен білім алушылар үшін ашылған аллеялар мен демалыс орындары – республика ғалымдарының қызығушылығын оятуда.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button