Жер астындағы жылыжай
Облыста алғаш жерасты термос-жылыжайы ашылды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультеті мұрындық болған жобаны аймақ ғалымдары 15 жыл бойы армандапты. Еліміздегі үшінші жылыжайдың бір ерекшелігі – Арқаның саршұнақ аязында ауа райы – 28 градусты көрсеткенде, жерасты жылыжайындағы температура +25 градус. Ғалымдар термос-жылыжайдың ел игілігіне жұмыс істейтініне сенімді.
Жылыжай жұмысымен танысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев факультет оқытушыларының еңбегін ерекше атап, өз тарапынан қолдау көрсететінін айтты. Аймақ басшысының назарына жас өскіндер, герман сортты қиярлар, сондай-ақ, гүлдер мен өсімдіктер өсірілетін екі зал көрсетілді.
– Жерасты жылыжайы – қала үшін, студенттер үшін де жақсы бастама. Бұл – біз үшін көгалдандыруға арналған өсімдіктер мен ағаштарды орналастыратын, ал, студенттер үшін зерттеу жұмыстарына арналған өндірістік база. Университеттің бастамасын қолдауға дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжановтың айтуынша, жылыжай бір ай бұрын жұмыс істей бастады. Осы уақыт аралығында гүлдер мен көкөністер отырғызылды.
– Бастапқыда жер бетіндегі жылыжай салу жоспарланған, бірақ, ол – эргономика тұрғысынан тиімсіз. Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттеу арқылы осындай жобаның жоспарын ойладық. Олардың климаты біздікіне ұқсас және Ұлытау облысында да осындай жылыжай бар екенін білдік. Сонда барып, есептеулер жасадық. Жылыжай аяздың алғашқы сынағынан өтті. Көкөністер мен жас өскіндерді өсіріп қана қоймай, агротехнологияны дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндіріс базасын құруға ниеттіміз, – дейді Серікболат Талжанов.
Жылыжай жер үстінен 3,5-4 метр тереңдікте. Еден мен қабырғалары қыс айларында температураны +5-10 градустан төмендетпей, жылы ауаны бірқалыпта ұстауға мүмкіндік береді. Өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан сақтайды. Ауданы – 270 шаршы метр болғандықтан, алдағы уақытта қарбыз, орхидея және ағаш көшеттерін өсіру жоспарлануда.
– Қарбыз тұқымын отырғыздық, өскіндер шықты. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, күтімді талап ететін орхидеяларды өсіруге тырысамыз. Жас өскіндер мен көкөністерден студенттерге смузи дайындаймыз, – дейді биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің жетекшісі Маргарита Ишмуратова.
Өсірілген қияр, қызанақ және шөптер университет асханаларында қолданылмақ. Ал, гүлдер мен ағаш көшеттері университет аумақтарын көгалдандыру үшін, қаланы безендіруде мәнге ие. Жас өскіндерді өсіру жобасын ҚарУ түлегі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі және PhD докторы Арайлым Серікбай табысты жүзеге асыруда. Ол өз идеясын Қарағанды әкімі грантының арқасында ойластырған. Жылдан астам уақыт бойы өнімдерін қаладағы сауда орындарының біріне және екі асханаға жеткізіп келеді.
Университет ғалымдары алдағы уақытта кампус пен қаланы көгалдандыруда пайдаланатын өсімдіктерді көбейтпек. Сол мақсатта термос-жылыжайда Орталық Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жеміс-жидек дақылдарының топтамасын қалыптастырмақ. Қазіргі таңда жылыжай маңында 700-ден астам қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты өсімдіктер бар. 200 пирамидалық терек, 60 тал, сондай-ақ, шырша, қайың, үйеңкі, алма ағаштары, долана, жабайы алма ағаштары өсіп тұр.
Аяулым СОВЕТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz