Жаңалықтар

Жемісін берген жоба

Маусым айынан Қарағандының 10 ауласында «AulaFit» жобасы жұмысын бастаған болатын. Бүгінгі күнге дейін 10 мыңға жуық тұрғын таңғы жаттығуға белсене қатысып келеді. «Әр аулада жаттығуды қалт жібермейтін тұрғындардың бары қуантты» дейді ұйымдастырушылар.

– Жоба, әсіресе, жасөспірім балалардың көңілінен ерекше шыққан секілді. Себебі, кешкі уақытта волейбол, футбол ойнауға балалар белсенді қатысады. Ата-аналар да балаларының бос уақытын тиімді өткізгендеріне қуанышты, жаттықтырушыларға алғыстарын білдіруде. Карантин уақытында гаджеттерге байланған балаларға бұл жоба таптырмас ортаға айналды. Көрші ауланың да тұрғындары жиі келетіні байқалды. Бұл, әрине, қуантарлық жайт, – дейді жобаның Қарағандыдағы ұйымдастырушысы Іңкәр Әбдіқасымова.

– Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың иммунитеттерін шынықтыруға жақсы мүмкіндік болды. Себебі, күз мезгіліне иммунитетті дайындауды қазірден қолға алу керек. Осы орайда, ата-апаларымыз да белсенділік танытып, бір мезгіл жаттығулармен айналысса екен дейміз. Жобаның мақсаты да сол, – дейді. Жоба жалғасын тапса деген тұрғындар тілегі барын да айтады ұйымдастырушы.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button