Жемқорлықты жою – бірегей міндет
Бүгінде сыбайлас жемқорлық – ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс екені баршаға мәлім. Ол қоғамға үлкен зиян келтіреді, мемлекеттік билік негіздеріне озбырлық жасайды, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін төмендетеді және олардың беделін түсіреді, жалпы елдің экономикалық дамуын қиындатады.
Сыбайлас жемқорлық демократиялық институттарды және құндылықтарды, әділдік және қоғамдық борыш туралы ұғымды бұза отырып, мемлекеттің және құқықтық тәртіптің тұрақты дамуына залалын тигізеді, сондай-ақ лауазымды тұлғаларды пара жолымен жеке және ұжымдық мүдделерін қанағаттандыру мүмкіндігі туралы ойға бейімдей отырып, азаматтардың құқықтық санасын өзгертеді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейінде үлкен көңіл бөлінеді, бүгінде бұл күрес өзінің шиеленісін төмендетпей отыр.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан Президенті осы әлеуметтік құбылысқа қарсы ісқимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың басшыларымен мәжіліс өткізді. Ұлықтау рәсімінен кейін Мемлекет басшысы бірден өз қызметінде 10 маңызды міндеттерді анықтап, сыбайлас жемқорлықпен күресті екінші бағытқа қойды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Президенттің Жарлығымен екі жеке ведомствоға қайта құрылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз осы әлеуметтік дертке бірге батыл қарсы тұруымыз қажет. Менің түбегейлі ұстанымым: мемлекет сыбайлас жемқорлықпен оны түп-тамырымен жойғанға дейін күресуі қажет» – деп атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты бағыттары қазіргі уақытта мынадай:
- азаматтардың құқықтарын қорғау;
- мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен конструктивті әріптестігін нығайту;
- қоғамдық бақылауды күшейту;
- бюджеттік саясаттың ашықтығын арттыру;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы өңірлердің рөлін күшейту;
- мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің салаларын жедел цифрландыру, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдағы маңызды талаптардың бәрін іс жүзіне асыру;
- мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіру және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша шаралар туралы» Жарлығында және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында назарға алынған ұсыныстарда сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде жеке тармақ бөлініп, 2019 жылғы 20 маусымда Ақорданың ресми сайтында және баспасөзде жарияланған болатын. Осы құжатқа сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде мемлекет пен азаматтардың күш-жігерін біріктіруге, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне мүлдем төзбеушілік принциптерін қамтамасыз етуге және жұртшылықты осы жұмысқа барынша тартуға қатысты «ҚР 2015- 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау бойынша шаралар кешені, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама әзірленетін болады, олар үшін жұртшылықты және сараптама қоғамының өкілдерін тартатын болады. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған бағыныштылар үшін саяси мемлекеттік қызметшілерге заңды түрде жеке жауапкершілік бекітілетін болады.
Міндеттер анықталып, мерзімдері қойылды. Осы барлық ауқымды жұмысты біз тек хабарлау тәсілі арқылы ғана табысты жүргізе аламыз. Сыбайлас жемқорлықпен табанды және ымырасыз күреске бағытты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та міндеттеген болатын.
Кеселдер кез келген қоғамда бар: олар өте тез тарайды, өкінішке орай, үлкен еңбекпен жойылады. Үкімет сыбайлас жемқорлықпен Заңға сүйене отырып күреседі. Бірақ, сыбайлас жемқорлықты түпкілікті жеңу үшін тек қатаң жазалау аз, ол үшін ауқымды, кешенді жұмыстар қажет. Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматының бірінші кезектегі міндеті болуы қажет!
Нұрлан ӘУБӘКІРОВ,
Қарағанды қаласының әкімі.