Жаңалықтар

Жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері талқыланды

Облыс кәсіпкерлеріне сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізілетіні жайлы айтылды. Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде шетелдік озық тәжірибе мен халықаралық стандарттар да назарға алынған. Одан бөлек, отандық, оның ішінде, өңір тәжірибесі де сырт қалған жоқ. Нәтижесінде, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі парақорлықпен күресудің бірнеше нұсқасын ұсынды. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК аталған тұжырымдаманы талқылау мақсатында бизнес-қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар және депутаттармен кездесті.

«Кез келген ауруды емдеудегі жетістік диагноздың дұрыс қойылуына байланысты» дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакенов. Сондықтан, Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде сыбайлас жемқорлыққа тікелей немесе жанама әсері бар проблемалар талданып, ашық көрсетілген. Олардың қатарында өзімізге таныс «тұрмыстық» жемқорлық, бюджеттік процестер мен сатып алулардың ашық еместігі, мемлекеттің экономикаға қатысуының жоғары деңгейі және әкімшілік кедергілер, дискрециялық нормалар бар. Оларды шешу үшін Тұжырымдамада нақты реформалар мен жобаларды қамтитын 6 міндеттер блогы көзделген. Оның біріншісі – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға арналған. Шаралардың екінші блогы сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға, ал, үшінші блок жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртінші блок азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға одан әрі ауқымды тарту жөніндегі шаралардан тұрады. Ал, бесіншісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мониторингіне арналғанын, алтыншысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталғанын айтады Денис Шакенов.

– Бизнес ортада ашықтық пен жауапкершілікті арттыру, корпоративтік сыбайлас жемқорлықты азайту үшін бизнес-тізілімді енгізу қажет. Бұл кәсіпкерлік субъектілері туралы, оның ішінде олардың парасаттылығы мен сенімділігі тұрғысынан жан-жақты мәліметтерді жинақтауға мүмкіндік беретін ашық интеграцияланған деректер базасы. Осылайша, адал кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғалады, – деді Денис Шакенов.

Агенттік бағдарламаны іске асырудың үш нұсқасын ұсынды. Олардың біріншісі – бизнеске сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ерікті түрде енгізу. Бұған жауап ретінде компаниялар мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен басқа да қолдау шараларын алады. Келесі нұсқа – шараларды орындамағаны үшін жауапкершілікті белгілей отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды міндетті түрде енгізу. Соңғысы – түбегейлі. Ол мемлекеттік және жеке секторлар үшін сыбайлас жемқорлық заңнамасын сақтау бойынша бірыңғай талаптар мен құқықтық салдарды көздейді. Тұжырымдаманы талқылауға арналған жиынға қатысқан кәсіпкерлер өмірден мысалдар келтіре отырып полиция, медицина, сот, құрылыс және басқа да салалардағы сыбайлас жемқорлық құрамдастары туралы айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасында жұртшылықтың, атап айтқанда, кәсіпкерлердің пікірін ескеру өте маңызды. Біз бизнеске сыбайлас жемқорлық кедергілеріне тап болған кезде кәсіпкерлікті қолдаудың ешқандай шаралары тиімді болмайтынын түсінеміз, – деді Жеңіс Қасымбек жиын соңында.

Дайындалған құжатта олардың сапалы іске асырылуы жағдайында қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал етуге қабілетті шаралар бар екенін айтқан Денис Шакенов Тұжырымдаманы іске асыру мерзімінде азаматтардың, кәсіпкерлердің, үкіметтік емес ұйымдардың көмегі қажет болатынын да жеткізді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button