Басты тақырыпОблыс әкімі

Жемқорлықпен күрес – ортақ іс

 

Бұрнағы күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалық етуімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік сатып алулар саласында сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жою бойынша шаралары талқыланды.

Аталған мәселе бойынша бірінші болып баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының барысымен таныстырды.

Сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау үшін қоғамның түрлі категорияларының өкілдері енген мобильдік топ құрылған. Мобильдік топтар жыл басынан бері 357 еңбек ұжымын аралап, 240 көшпелі кездесулер ұйымдастырды. Осы шаралар нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 124 мыңнан астам құқық бұзушылық фактісі анықталып отыр. Оның басым бөлігі мемлекеттік қызметтер дұрыс көрсетілмеген ветеринария саласында. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілері тұрғын-үй шаруашылығы және мектепке дейінгі біліммен қамту салаларында анықталды,– деді Қ.Оспанова.

Оның айтуынша, тұрғын үй кезегіне құжаттарды қабылдау электронды түрде жүргізілмегендіктен сыйбайлас жемқорлықтың орын алу қаупі басым. Сол себепті де биыл пәтер алуға өтініштерді қабылдаудың алғашқы кезеңін толықтай автоматтандыратын бағдарлама іске асырылатын болады.

Дәл осындай мәселе, білім беру және денсаулық сақтау салаларында да байқалады. Балабақшалардағы кезек мәселесінде сыбайлас жемқорлықтың орын алу мүмкіндігі электрондық кезек базасының жүзеге асырылуы нәтижесінде төмендегенін байқауға болады. Кезек мәселесіне қатысты 2016 жылы 144 өтініш түссе, бұл көрсеткіш өткен жылы 98-ге азайған.

Тұрғындардан келіп түсетін барлық талап-тілектердің 25%-ы денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты. “ДамуМед” бірыңғай диспетчерлік желісі бағдарламасының енгізілуі арқасында бірқатар мәселелер шешімін тапты. Баяндамашы цифрлық технологияны барлық салаларға енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар, Елбасының тапсырған бюджет қаражатын тиімді пайдалану және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын бақылау шаралары бойынша арнайы комиссиялар тұрақты түрде жұмыс жасауда. Қадиша Базарбайқызының айтуынша, көп жағдайда ЖШС, ЖК комиссияның сын ескертпелерін елемейді екен.

Қ.Оспанова партия ішіндегі тәртіп мәселесі де үнемі назарда екенін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін өткен жылы ісі қаралған 33 тұлғаның 16-сы партия қатарынан шығарылды. Тәртіптік жаза қолданылғандары да бар.

Мемлекеттік активтер және сатып алулар басқармасының басшысы Мұрат Кәдековтің баяндауынша, осы саладағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің азаюына мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру, мемлекеттік сатып алуларды бірыңғай ұйымдастыру сияқты факторлар әсер еткен.

Биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік сатып алуларды жоспарлаудан бастап келісім шартты жүзеге асыруға дейінгі барлық кезең электронды форматта жүзеге асырылады. Әлеуетті қатысушылар еш кедергісіз қатысып, сатып алулардың жүзеге асырылуын қадағалап отыра алады,– деді М.Кәдеков.

Сондай-ақ, біздің облысымызда қанатқақты режимінде енгізілген мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу жобасы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдың бірі екенін атап өтті . Бүгінгі таңда Теміртау қаласындағы 600 орындық мектептің құрылысы осы жобамен жүргізіліп жатыр. Енгізілген механизм әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды сапалы салу мәселесіне, бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына, құрылыс жұмыстарын жүргізетін субъектілер арасындағы төлемдердің ашықтығы, сондай-ақ, отандық өнімдердің қолданылуына бақылау жасауға мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, өткен жылы өткізілген 1731 конкурстың сомасы 93,4 млрд. теңгені құрайды.

Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Кәукетаев жасаған баяндамасында бақылау аудиттік тексерістер жүргізу және камералық бақылау жасау арқылы жасалатынын айтты.

Камералық бақылау кезінде салып алу үрдісін жүргізуге кесірін тигізетін жеткізушілерге қойылатын негізсіз талаптарды басында-ақ анықтап, шешуге мүмкіндік бар. 2017 жылы департамент заң бұзушылық сомасы 66,7 млрд. теңге болатын 2100 ескерту жасаған. Қазіргі таңда жасалған талдаулардың негізінде бұзушылықтармен жүзеге асырылған мемлекеттік сатып алулардың үлесі қойылып, 19%-дан 9%-ға дейін қысқарғанын көреміз,– деді ол.

А.Кәукетаевтың айтуынша, кең таралған мемлекеттік сатып алуларды бірыңғай жүйеге келтіру қажет. Ол үшін үлгілік техникалық сипаттама жасау керек. Осы мақсатта ұсыныстарды құраумен айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамында мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері жұмыс жасау тиіс. Баяндама соңында облыс әкімі бұл идеяны қолдап, арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты шараларды әлі де ширату керектігін ескертті.

Жасалып жатқан жұмыстар кездесулер аясында қалып қоймауы керек. Оны әрқайсымыз сезінуіміз керек. Сыбайлас жемқорлық мәселесі бір адам немесе бір орган шешетін шаруа емес. Ол үшін бірлескен өнімді жұмыс қажет,– деді Е.Қошанов отырыс соңында.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Жансая Омарбекова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button