Жемқорлық индексі: сыбайластықтан сырт айнала бастадық
Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жанжақты күрес мәселесі күн тәртібінен түспегенін айтты. Себебі, жемқорлық – мемлекеттің дамуы жолындағы үлкен кедергі болуымен қатар, экономикалық әрі саяси дамуында да маңызды проблема. Қарапайым тілмен айтар болсақ, тамыры тасқа кеткен осы кеселмен күресіп, жеңер болсақ, жыл сайынғы бюджетке түсетін түсім 500%-ға дейін артады дейді мамандар.
«Transparency International» халықаралық ұйымы жариялаған жемқорлықты қабылдау индексінде еліміз 180 елдің ішінен 113 орынды иеленіпті. Әрине, жемқорлықты түп-тамырымен құртпаса да, саясатта толық ашықтыққа қол жеткізіп, корпоративтік жауапкершілікті ұлғайтқан Дания, Жаңа Зеландия, Швеция сияқты елдермен тереземізді тең ұстаудың ауылы әлі алыс болғанымен, бұрынғы 15 одақтас елмен салыстырғанда жағдайымыз біршама тәуір. Тіпті, 137 орынды місе тұтқан көршілес Ресейдің өзі бізге жету үшін біраз тер төгуі керек сияқты.
Жалпы, Қазақстанның жемқорлықпен жүргізген күресінің нәтиже беруі оны толық мойындауымен байланысты екенін айтады, «Transparency Kazakhstan» қорының директоры Ольга Шиян. Айтса айтқандай, елімізде жемқорлықтың құрығына ілікпеген сала жоқ. Ал, кез келген мәселені толық мойындау – жарты жеңіс. Мәселен, Қазақстан дағы бір ғана пойыздың өзі айына 3 миллион теңге пара әкеліп отырған. Осы жолмен тапқан қаражаттарынан жолсеріктер пойыз басшылығына пара жинаса, олар оны жемқорлық тізбегімен одан әрі жіберіп отырған. Жаман әдеттің жұққыш келетіні тәрізді, өткен жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ облыстық филиалы директоры да парамен ұсталып, 6,9 млн. теңге айыппұл төледі.
Жыл өткен сайын, сыбайлас жемқорлық дәстүрлі, лауазымды тұлғаларды сатып алу тәрізді түрін өзгертіп, құйтырқы тәсілдерге көшкен. Мәселен, облыстың табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары тұрғындарға коммуналдық қызметтер ұсынатын субъектілерге уақытша тариф енгізбеуі салдарынан тұтынушылар 1,8 млрд. теңгеге зиян шеккен. Тіпті, атқарылмаған жұмыстар үшін актіге қол қою фактілері де жиі орын алуда.
Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, кейінгі 4 жылда сыбайлас жемқорлық біршама азайған. Егер 2016 және 2017 жылдары 300-ден астам факт анықталса, соңғы 2 жылда олардың саны 1,7 есеге дейін қысқарды.
Қоғамдағы тұрмыстық жемқорлықтың азаюына республикалық ақпараттық-ағартушылық штабы да айтарлықтай ықпал етуде. Парасаттылықпен, халықпен сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпарат беру арқылы жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда штабтың төрағасы Ырза Тұрсынзада өңірлерді аралап, кеңес беруде.
Естеріңізде болса, 2013 жылы Қазақстан 26 ұпаймен 140 орында болса, өткен жылы 124 орынды иеленіп, Орталық Азия елдері ішінде көшбасшы позицияға шықты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектонов елімізде микро және шағын бизнесті тексеруге, салық жеңілдіктерін белгілеуге және жала жабуды қылмыс деп танымауға мораторий енгізу 2020 жылғы рейтингте оң көрсеткіштер қатарынан көрінуге ықпал етеді деген сенімде. Одан бөлек, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дені цифрлануы да сыбайлас жемқорлықтың тынысын тарылтты.
Әрине, Мәскеу де бір күнде тұрғызылған жоқ. Бүгінде Орта Азия елдері ішінен көшбасшы орыннан көрінсек, күні ертең-ақ, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген елдердің қатарынан көрінетінімізге сенім мол. Тек, жемқорлықпен қалай күресуді білетін, біле тұра әрекет етпейтін әдеттен арылып, сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру – басты міндет болса керек.
Салтанат ІЛИЯШ