АбайАймақЖаңалықтар

Желтоқсаншылармен жүздесу

Тәуелсіздік күні қарсаңында, яғни 15 желтоқсанда Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов ауданда тұратын Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен аудан тұрғындарымен жылы жүздесу өткізді.

 

Аудан әкімдігінде өткен кездесуді кіріспе сөзбен ашқан Бауыржан Асанов:

– Егемендікті жақындатқан 1986 жылғы қазақ жастарының ерен ерлігі ұмыт қалмай, жас буынға дәріптеліп жатыр. Бүгінгі шара соның айғағы. Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның Тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағаланады, – деді.

Басқосуға Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, еңбек ардагерлері, баспасөз өкілдері мен студент жастар және мектеп оқушылары шақырылған екен. Бірінші болып сөйлеген Шәкәрім атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімі Серік Мәгежұлы: – Желтоқсан оқиғасы кезінде біз – Моңғолиядан келген 9 студент Алматыдағы ҚазМУ-дың филология факультетінде оқып жүргенбіз. Шетелдік болып саналғанмен, бойымызда қазақтың қаны бар ғой, оқиға басталған күні біз де наразылық білдірген жастарға қосылып, алаңға бардық. Кешке қайтып келгенімізде деканымыз Зейнолла Қабдолов бізге басу айтып, сабырға шақырып, тоқтау салды. Соған қарамастан ертеңінде жатақхананың екінші қабатынан секіріп түсіп, алаңға барып, тағы да атойладық. Бейбіт шерудің арты қанды қырғынға ұласқанын көзімізбен көріп, үскірген суықта суға малшынып, жатақханамызға әрең жеттік. Содан кейін оқуымызды бітіріп, ұшақпен елге қайтып бара жатқанымызда, Алатаумен қол бұлғап, қоштасқан едік. Енді Тәуелсіздік алғаннан соң атажұртқа оралып, осы күнді де көріп отырғанымызға тәуба, – деді толғана.

Оқиғаның басқа да куәгерлері Гүлзия Қалышева, Нұрсұлу Баймухамбетовалар өздері куә болған жайтты баяндады. Бұдан кейін сөз кезегін алған еңбек ардагерлері Төребек Құтжанов, Аспандияр Сейсенов, «Хабар» агенттігінің облысымыздағы меншікті тілшісі Дәуренбек Бағдаулет, студент Абайболды Кәлім мерекелік тілегін білдірді.

Кездесу соңында Бауыржан Асанов аудандағы «Бас» компаниясының директоры Д.Чернашин мен аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры А.Сейфуллинаға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері С.Мәгежұлы, Н.Баймұхаметова, Г.Қалышеваға аудан әкімнің Алғыс хатын табыс етті.

Кездесу Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концертіне ұласты.

Ержан ИМАШ.

Абай ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button