Желмая-қалам желісі
ХХІ ғасырдың Асан қайғысы жолға шықты. Санасын сауыт, қасиетті қаламын желмая етіп, Жерұйық іздеп барады.Сүйіншілеуге тұрарлық сүйкімді хабарды тұспалдамай-ақ, айтарымызға төтесінен түрен салайық. Белгілі публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының иегері Мағауия СЕМБАЙДЫҢ «Жерұйық» атты жаңа кітабы «Типография АРКО» ЖШС баспаханасынан жарық көрді.
Ордалы «Орталықтың» Бас редакторы – басшымыз болғандықтан емес, оқырманға жол тартқан сүбелі дүниенің орамды ойлары мен байыпты байламдарына сүйсінгендіктен сүйіншілеп отырмыз. Иә, Арқа руханияты орасан олжаға кенелді.
Кітаптың аты айтып тұрғандай, Ұлы Даланы мекен еткен Қазақ Елі үшін Жерұйық іздеу – әрбір қалам ұстаған азаматтың қастерлі міндеті. Ендеше, автордың негізгі мақсаты – халқымыздың Асан қайғы бабамыздан бастау алатын ұлттық идеясының қаламға көшкен нұсқасы. Сондай-ақ, қаламгер ұстанымы мен қоғамдық пікірлері Елбасы саясатымен шебер шендесіп, Мәңгілік Ел болу идеяларын қуаттауымен құнды.
Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы мәртебелі сыйлығының 2017 жылғы лауреаты атанған кітап авторының осы сыйлыққа лайықты деп табылған экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды қаузаған ордалы ойлары мен құнды пікірлерін осы жинақтан оқи аласыздар.
Көркем очерктері мен әсерлі әңгімелері көшелі ойдың көрігін қыздырса, «Ой-тамызықтары» мен зерттеу мақалалары зерделі жанды бейжай қалдырмайды.
Менің мақсатым – жалғанның жарығына шыққан жақсы дүние туралы сүйіншілі хабарды жеткізу. Ендеше, тұспалды ойдан тұжырым түйіп, зерлі сөзді зерделей білетін әріптестеріме де айтар, жазар бірдеңе қалдыра тұрайын. Дегенмен, бір айтарым бар. Ақиқатшыл болу үшін айқайға сүрең қосып, билікке бишік үйірудің қажеті жоқ екен. Онсыз да «популист» қаламгерлердің қарасы – қалың. Сөз өнеріндегі ұстазым, әріптес-ағам Мағауия Сланбекұлының жерұйық іздеген желмая-қаламының желісі маған осыны ұқтырды.
Сәт сайын мың құбылған дүниеде оқырман олжасына айналар ой маржанын сүзу – шебердің-шеберіне, зергердің-зергеріне ғана тиесілі. Желмая-қаламыңыз желісінен жаңылмай, назарыңыз базар дүниеде емес, жазар дүниеде болсын!
Ерсін МҰСАБЕК