Руханият

Қарағандылық Евгения Шульцтің бұйымдары әлемді аралап жүр

Бүгінде ұлттық қолөнер жанданып келеді. Сонымен қатар, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді де жас буынға насихаттау қарқын алуда. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Ошағанды шатқалында JADIGER бірлестігінің шеберлері қазақ қолөнерінің мерекесін ұйымдастырды. Ашық аспан астында этноауыл пайда болды. Байырғы қазақ ауылындағыдай киіз үйлер тігіліп, кілемдер тоқылды. Самаурынға шай қайнатылып, бауырсақ пісірілді. Этно­ауылда жастарға шеберлер қолөнердің ежелгі технологияларын үйретті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

JADIGER бірлестігінің төрайымы Перизат Құлымбетова ұлттық мәдениет осындай шаралар арқылы дамитынын және шеберлердің еңбегі еленетінін айтты.

– Қазақ киіз үйінің иісі – қазақтың әр баласына жылу сыйлайтыны анық. Бауырсақтың дәмі жастардың бойына ата мен әженің мейірімін сездіретініне сенемін. Бастысы – ұлттық қолөнер жанданады. Облысымыздың шеберлері әлемге танылсын! Этноауылда шеберлер шеберлігін көрсетіп, жастар таза ауамен тыныс­тайды, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, – деді Перизат Құлымбетова.

Арнайы қатысқан 72 жастағы Қамаш Төлеубаева анасынан алған білімін ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады.

– Бала кезімізден текемет, кілем, киіз үй жабдықтарын жасап өстік. Әжелерімізге қарап, біз де сол дәстүрді жалғастырып жатырмыз. Бүгінгі күнде осы өнерді жастарға үйрету – басты міндет, – деді Қамаш Төлеубаева.

Бастауыш сынып мұғалімі Балдырған Қаби қазақтың ұмыт болған кестелеу өнерін қайта жаңғыртып келеді.

– Бас киім, орамал, кимешек тігеміз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, төзімділік пен сабырды қажет ететін жұмыс. Қуантатыны – қазір этноүлгіге сұраныс артып келеді. Этноүлгідегі киімдерді жастар да, үлкендер де киюге құштар, – деді шебер.

JADIGER бірлестігі халық қолөнерін жан-жақты дамытуда. Биыл Қарағандыда жүн өңдеу цехы ашылып, өңірдің танымал дизайнерлерінің қатысуымен ІІ облыстық қолөнершілер форумы өтті. Сонымен қатар, облыс бойынша көрмелер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Шеберлер ASPARA FASHION WEEK, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, мәдени форумдар мен этножобаларға қатысып, өнерлерін көрсетті. Облыстың 27 шебері «Аламан құрақ» жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Ұлттық өнерді насихаттауда Перизат Құлымбетованың халықаралық жобаларға қатысуы да маңызды рөл атқарды. Екі жыл бұрын ол Қазақстан мен Франция президенттерінің қатысуымен өткен этноауылда өңір атынан өнер көрсетті. Ал былтыр ЮНЕСКО өкілдерінен шақырту алған.

Ұмыт болған дәстүрлі өнерді қайта тірілтіп жүрген шеберлердің қатарында қарағандылық этнодизайнер Евгения Шульц та бар. Он жылдық шығармашылық жолында оның киіз бұйымдарынан бастап сүйектен жасалған нәзік оюларына дейінгі туындылары АҚШ, Франция, Германия және басқа елдерде көрмеге қойылыпты.

– Сүйек пен жүн – тылсым қасиеті бар материалдар. Қазақтар сүйектен жасалған бұйымдарды қорғаныш күші мен ата-бабамен байланысы бар деп бағалаған. Мысалы, жануар азуынан жасалған алқа жауынгерге күш берсе, сүйекке салынған өрнек отбасыға береке әкелген, – деді Евгения Шульц.

Облыста халық қолөнерінің дамуына облыс әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мәдени және қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетуде.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕРДЕ: 1. JADIGER бірлестігінің төрайымы Перизат Құлымбетова.
2. Қолөнер бұйымы

Басқа материалдар

Back to top button