Желаяқтар желмен жарысып…
Қарағанды – спортсүйер қауымның мекені. Бұл өлкенің желмен жарысқан желаяқтары, рухты жастары талай додада топ жарған. Спорт – тек бәсеке емес, төзім мен тәртіптің, бірліктің белгісі. Ал, осындай рухты дәріптейтін жарыстың бірі – жеңіл атлетика эстафетасы. Биыл Қарағандыда облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің дәстүрлі жеңіл атлетикалық 78-ші эстафетасы өтеді. Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай спортсүйер қауымның басын қайта қоспақ.
Әдеттегідей, эстафета Оңтүстік-Шығыс ауданының көшелерінде өтеді. Жарысқа қатысушылар 3-мамыр күні сағат 10:30-да Сарыарқа көшесіндегі Ту тұғыры алдындағы алаңға жиналуы шарт. Ал, салтанатты шараның ашылуы – сағат 11:00-де. Эстафетаға қатысуға өтінімдер 28 сәуірге дейін жалғасады. Бекітілген үлгі бойынша Н.Әбдіров атындағы Спорт сарайына тапсыру шарт.
Биыл қатысушыларды жас ерекшеліктеріне қарай 9 топқа бөлініп, ерлер мен әйелдер бөлек жүгіреді. І топқа жоғары оқу орындарының, Ә.Молдағұлова атындағы ОММИОРК және колледж командалары топтастырылған. ІІ топқа колледждердің, Т. Бигелдинов атындағы әскери мектеп-интернаты мен Ә.Молдағұлова атындағы ОММИОРК мектеп командасы кіріктірілген. ІІІ топ бойынша 2-дивизион колледж командалары, IV топта жалпы орта білім беретін мектептер командалары сайысады. V топта негізгі орта мектептер командалары (9 жылдық оқу), VІ топта өндірістік ұжымдар командалары, VІІ топта ұйым командалары бақ сынайды.
Спорт клубтары, күштік құрылымдар (ІІМ, Қарулы күштер, ТЖМ, күзет ұйымдары) командалары VІІІ топқа бөлінсе, спорт ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі спортшылар ІХ топта өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, І-VІІІ топ аралығындағы қатысушы командалар қашықтығына қарай 10 кезеңге қойған эстафетаны жүгіріп өтеді. Ал, ІХ топтағы командалар, яғни, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар мен әуесқой жүгірушілері үшін 1300 метр қашықтық белгіленген.
Жарысқа жалпы білім беретін мектептен, интернат, колледждер мен лицейлердің командасы қатыса алады. Одан бөлек, жоғары оқу орындарының, әскери мекемелер мен спорт клубтарының оқушылары, студенттері, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар, ұйымдар да өтінім бере алады. Банк қызметкерлері де және медициналық анықтама ұсынған барлық жүгіруге әуес жандар қатыса алады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»