Желаяқтар желмен жарысты
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Арқаның алтын тәжі, қасиетті Қарқаралы қаласында ІІ Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық «QARQARALY BUGYLY TRAIL» марафоны өтті.

Аталған іс-шара саламатты өмір салтын насихаттауға, «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға және өңірдің туризмін дамытуға бағытталды. Екі күнге ұласқан дүбірлі додада еліміздің түпкір-түпкірінен және шет елдерден келген желаяқтар – балалар 1 және 5 километр, ересектер 10, 21 және 50 километр қашықтықта сынға түсті. Марафонға алдын ала 470 спортшы тіркелген болатын. Бірақ, ертең жарыс басталады деген күні жүгіруге ниет білдіргендер қатары артып, спортшылар саны 600-ден асып кетті.
19 шілде күні таңғы бесте 50 шақырымға жүгіріп кеткен «Bugyly Trail Qarqaraly – 2025» марафоншыларының алды мәреге келе бастағанда «Бұғылы» су бөгетінің жанындағы жағажайда шараның ашылу салтанаты өтті. Жарысқа қатысушылар Тутұғырда желбіреген көк байрағымызға қарап бой түзеп, еліміздің Әнұранын орындады. Аудан әкімі Әділжан Арғынұлы, Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Жандос Мақсұтұлы, облыстағы спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Жағыпарұлы жиналған жұртты спорт мерекесімен құттықтап, марафоншыларға сәттілік тіледі. Қарқаралының қадірлі ақсақалы Әлиасқар Әбеуов жарысқа қатысушыларға бата берді.
Марафонда жүгіру бағытына 5 бақылау бекеті ұйымдастырылып, оларда спорт жаттықтырушылары, ұлттық табиғи парктің инспекторлары, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және ұйымдастырушылардың өкілдері кезекшілік жасады. 1 және 5 шақырымға жүгірген жасөспірімдер мен ерекше балалардың ата-аналары бірге қатысып, саламатты өмір салтын насихаттауға атсалысты. Мәреге бірінші жеткен жас спортшыларға жоғарыда есімдері аталған лауазым иелері жеңімпаздардың медальдарын тағып, сертификаттарын табыс етті. 50 километрлік супермарафонды 5 сағатта жүгіріп өткен спортшылар арасында үздік нәтиже көрсеткендерге ақшалай сыйлық және сертификаттар берілді, медальдармен марапатталды.
Марафон жеңімпаздарымен қатар, шараға қатысушылардың бәріне естелік медаль мен мадақтама қағаз табысталды. Марафонға қатысушылар кешкілік «Музейдегі түн» шарасын тамашалауға келіп, мұндағы ғажайып жәдігерлер мен көріністерден керемет әсер алды. Республикалық «QARQARALY BUGYLY TRAIL» марафонының екінші күні таңғы алтыда 10 және 21 шақырымдық қашықтыққа жүгірушілер жарыс жолына шықты. 10 шақырымға әртүрлі жастағы 193 адам, 21 шақырымға 180 спортшы қатысты.
Марафонның бағыты бойынша екі бақылау бекеті ұйымдастырылып, әр бекетте спорт жаттықтырушылары, ұлттық табиғи парктің инспекторлары, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және ұйымдастырушылардың өкілдері кезекшілік жасады. 10 және 21 шақырымды сәтті жүгіріп өткен спортшылардың арасында үздік нәтиже көрсеткендер ақшалай сыйлықпен, сертификатпен және медальмен марапатталды.
Он шақырымда жүлделі орын алған желаяқтарды ҚР Спорт комитетінің өкілі Ғазиз Серікбаев, Қазақстан Ұлттық телеарнасының журналисі Нұрбек Бекбау, «Батыр болам» қорының басшысы Ернұр Сәбікенұлы марапаттады. 21 шақырымда үздік нәтижеге жеткендерге аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш, Қарқаралы Ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев пен «QARQARALY BUGYLY TRAІL» марафонының негізін салушы Думан Бейсенаев лайықты марапаттарын тапсырды. Спортшыларға да, көрермендерге де керемет әсер қалдырған марафон соңында жастар, еріктілер және шараға қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында сол маңдағы қоқыстарды жинап, жарыс жолын тазалап кетті.
Марафонда ерен мықтылар анықталды. 21 шақырымдық қашықтық бойынша ерлер арасындағы бәсеке тартысты өтті. Бұл сында бірінші орынды Кастро Визетт Педро иеленсе, екінші болып Алишер Ваганов келді. Үздік үштікті Әсет Төлеубаев түйіндеді. Қыздар арасында аталмыш қашықтықта Айгүл Аржаникова жеңімпаз атанды. Екінші орынға Анастасия Вишнякова ие болса, үшінші болып Әсем Смайлова мәре сызығын кесті.
10 шақырымда да тартыс жоғары деңгейде өтті. Ерлер арасында Сағат Баубек топ жарып, бірінші орынға шықты. Одан кейінгі орындарды Дархан Сүйімбаев пен Нұрбек Бөрин өзара бөлісті. Қыздар арасында Татьяна Дергачева мәре сызығын бірінші болып кесті. Одан кейін Айару Нұрлан мен Венера Қорғанбекова келіп жетті.
Ең ұзақ – 50 шақырымдық қашықтықта нағыз төзімділік пен күш сыналды. Ерлер арасынан Руслан Оразов жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді. Екінші орынға Кастро Визетт Педро, үшінші орынға Айгыл Петров табан тіреді. Қыздар арасында бұл күрделі қашықтықты еңсере білген Назгүл Алдаберген бірінші орын иегері атанды. Анастасия Шанкию екінші, Рауан Данабаева үшінші орыннан көрінді.
Ал, 5 шақырымдық қашықтық бойынша ұлдар арасында Кирилл Карнухи жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынға Сұлтан Мұқанов, үшінші орынға Абайдан Болат ие болды. Қыздар арасында Дарина Ғалиева бірінші орынға табан тіресе, Айғаным Жидебай мен Айзере Қасым жүлделі екінші және үшінші орындарды қанжығалады.
Бір шақырымдық балалар жарысында да үлкен қызығушылық байқалды. Ұлдар арасында Абай Жұмабек бірінші келіп, бас жүлдені жеңіп алды. Матвей Семионов екінші, Бақдәулет Әукен үшінші орынға ие болды. Қыздар арасындағы жеңіс С.Серіковаға бұйырды. А.Нәбиева – екінші, Н.Мұзкеева – үшінші орын иелері атанды.
Осылайша, түрлі қашықтықтарда бақ сынаған қатысушылар жарыс көрігін қыздырып, көрермендерге нағыз спорттық мереке сыйлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, марафон өз деңгейінде сәтті аяқталды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»