Желаяқтар желмен жарысты
Кеншілер қаласында жылдың басты спорттық шарасы – Қарағанды жартылай марафоны өтті. Бұл жарыс буыны бекіген, басқан қадамы нық, болашағы кемел ұрпақ үшін әр жыл сайын өтетін дәстүрлі додаға айналған. «Qaragandy half marathon 2024» марафонында 3200 желаяқ бақ сынады.
Қарағанды – көмірімен ғана емес, спортшыларымен де әлемге мәлім тарихи қала. Даңқты спортшылар – Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Дмитрий Карповтың туған өлкесі.
– Марафонның мақсатына облыстық жеңіл атлетика мектеп басшысының орынбасары Эльмира Мақсұтқызы тоқталды.
Марафон 2018 жылдан бастап, тұрақты түрде өтіп келеді. Бүгінгі жарысқа 3000-нан аса адам қатысуда. Жалпы, жарыс алты қашықтық бойынша өтті. Марафон мақсаты – саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған. Жеңіл атлетика кең таралған спорт түрі болғандықтан жастарды, жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында өткізіліп жатқан шара. Жыл сайын қатысушы саны көбейіп келеді. Мысалы, өткен жылы 21 қашықтыққа 150 қатысушы болса, биыл 210 қатысушы бәсекеге түсті, – дейді Эльмира Сейфулғазина.
Арнайы спорт күніне орай ұйымдастырылған жартылай марафон спортшылар мен жанкүйерлерге қолдау беру мақсатында концерттік бағдарламамен басталды. Ән айтылып, спортшылар, жанкүйерлер би билеп «Қарағанды – Арена» төрін ерекше әсерге бөледі.
Салтанатты шараның шымылдығын облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев құттықтау сөзімен түрді.
– Баршаңызды спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы жолы марафонға тек Қарағанды өңірінен ғана емес, басқа да облыс, аудан, тіпті, басқа мемлекеттен келген қатысушылар да сынға түсуде. Мықтылар жеңіске жетсін, мереке құтты болсын! – деді Темірхан Абылаев.
Алғаш жарыс жолына 2 шақырым қашықтыққа 9-14 жас аралығындағы жасөспірімдер мен ерекше қабілетке ие балалар қатысты. Айта кетейік, марафонға жазылушылар арасында ең көп көрсеткіш осы балаларда болды.
– Менің есімім – Аида, 14 жастамын. Үш жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысамын. Халықаралық жарыстарға барып, Азия чемпионы атандым. Марафон өте жеңіл өтті. Ешқандай қиындық туындамады. Жеңімпаз атанудағы сезім ерекше, ол әрі қарай тоқтамай, күнделікті жаттығу жасап, еңбек етуге мүмкіндік, әрі күш береді, – дейді Аида Ақылбекова.
Бұл марафонның ерекшелігі – скандинавиялық жүрісте. Яғни, шаңғы таяқтары секілді құралды қолдана отырып жүру. Бұл жүрістің айырмашылығы – денедегі барлық бұлшық еттің қозғалысқа түсуінде. Сонымен қатар, 5 қашықтық шақырым бойынша 150-ден астам қатысушы скандинавиялық жүрістен сынға түсті.
– Мен жетпіс жастамын. Марафонға бірінші қатысуым емес. Өткен жылы Алматыда әлем чемпионатында бақ сынаған едім. Марафон жоғары деңгейде өтті. Менің жасыма байланысты көптеген сұрақ қойылады. Маған бұл – спорт түрі қиын емес, керісінше, денсаулыққа өте пайдалы. Кез келген жаста спортпен шұғылдануға болады. Әсіресе, жас ұлғайған сайын көбірек қимылдау өмірді ұзартады, – дейді скандинавиялық жүрістен сынға түскен Нәсіпгүл Асқарова.
Әрі қарай марафон 10 шақырым бойынша өтті. Бұл шақырымның ерекшелігі жас аралығы бойынша есептелуінде. Көпшілік осы 10 шақырым қашықтыққа тіркелген екен. Бұл сайыста қатысушылар арасында бәсекелестік басым. Басқа қаладан келген спортшылар да осы ойында сынға түсті. Осы шақырым бойынша Астана қаласынан келген спортшы Дәулет Ибрай 30-39 жас аралығында жүлделі III орын алды.
– Есімім Дәулет, жасым – 36-да. Алматы қаласының тумасымын. Бірақ, қазір Астана қаласында тұрамын. Жүгірумен айналысып жүргеніме алты жыл болды. Қарағанды қаласының марафонына бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл спорт түрін бастаймын деп жүрген жас спортшылар дайындықты үзбей, бірқалыпта болуы керек, – дейді Дәулет Мұхтарұлы.
Жалпы, 10 шақырым қашықтық бойынша барлық жас аралығының ішінен 40-49 жас аралығында I орын алған қарағандылық спортшы Ардақ Абдрахманов – жеңіс тұғырын бағындырып жүрген желаяқтардың бірі.
– Марафон ойдағыдай өтті. Бұл спорт түрімен айналысып келе жатқаныма 13 жыл болып қалды. Әр облыстың, қаланың марафонына үзбей қатысамын. Ендігі жарысым – Шымкент қаласының марафоны. Жүгірумен айналысу тұрақты дайындықты талап етеді. Ең басты талап – жаттықтырушының болуы. Ол бәрінің дұрыстығын қадағалап отырады. Менің өз бапкерім Алматы қаласында, біз үнемі байланыстамыз. Жақсы дайындықтың арқасында, жақсы нәтиже көрсетіп келеміз, – дейді Ардақ Еркінұлы.
Жартылай марафонның тағы бір тартысы – 21 шақырым қашықтыққа жүгіру. Осы жарыста барлығынан оза шапқан қызылордалық спортшы Рахимжан Кельманов болды.
– Қызылорда қаласында дүниеге келгенмін. Қазіргі таңда Алматыда тұрамын. Жүгірумен айналысып келе жатқаныма он үш жыл болды. Осы уақытқа дейін Халықаралық және Азия чемпионаты ойындарының жүлдегері атандым. Марафон жақсы өтті. Ең ұнағаны – тасжол тегіс. Ешқандай қиындық тудырмады. Ұйымдастырушыларға, қонақжайлылық көрсеткен қарағандылықтарға мың алғыс, – деді Рахимжан Кельманов.
Сонымен қатар, ересек жастағы марафоншылар әсем әнге би билеп, кеш көркін қыздыра түсті. Бұл жерде ең бастысы – жеңу емес. Марафонға қатысу – саламатты өмір салтын сүруге бастама.
Жарыс соңында балаларға арналған лоторея ойнатылды. Оның шарты төсбелгі нөмірімен тікелей байланысты болды. Бұл жас спортшылар мен балаларды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға ақшалай жүлделер мен сыйлықтар табысталды.
Аружан СЕРІКБАЙ
Суреттер ұйымдастырушылардан