Спорт

Желаяқтар дүбірі

Қарағандыда социалистік Еңбек Ері, аты аңызға айналған кенші Яуда Мұсағалиевті еске алуға және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жүлделеріне арналған жеңіл атлетикадан 50-ші республикалық турнир өз мәресіне жетті. Оған Қырғызстан елінен, Солтүстік Қазақстан мен Ұлытау облысынан және өңірдің түпкір-түпкірінен 200-ден астам спортшы қатысқан. Жарыстың ашылу салтанатына Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ерден Халилин қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Мерейтойлық турнирге Қырғызстаннан арнайы келген құрама да қатысты. Екі күнге созылған додада спортшылар өзара шеберлік байқасып, нағыз мықтыны анықтады. Өз сөзінде Ерден Халилин спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаудың айрықша маңызын атап өтіп, қатысушыларға сенім білдірді.

– Бүгінде елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Жас буын уақытын әлеуметтік желілерге сарп етпей, дене шынықтыруға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағыттауы қажет. Бұл – ұлт саулығы мен болашағының кепілі. Сондай-ақ, көршілес мемлекеттен арнайы ат арытып келген спортшыларға шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ерден Халилин.

Қырғызстаннан келген спортшы Айбике Данекеева турнирдің тартысты өткенін атап өтті. Өзі 300 метр қашықтықта бақ сынап, 45,18 секунд көрсеткішпен қола жүлдеге қол жеткізген.

– Біз бұл жарысқа нақты нәтижемен оралу мақсатында келдік. Ұзақ уақыт бойы тыңғылықты дайындалдық. Қаншалықты дайындалып келсек те, жарыс оңай болған жоқ. Қарсыластарым осал емес. Десе де, бар күш-жігерімді салып, жүлдеге тырыстым. Қола жүлдемен қайтып барамын. Өз басым, осындай турнирлерде аздап қобалжитыным бар. Бірақ, қорқынышымды жеңіп, еліме жүлдемен оралуды мақсат еттім. Әр спортшы әуелі өзіне сенуі қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Өз басым осындай халықаралық турнирлерге жиі қатысамын. Себебі, тәжірибе алмасуға, шеберлік шыңдауға үлкен мүмкіндік алаңы, – деді ол.

Қарағандылық Евелина Курганова үшін бұл жолғы жарыс сәтті бола қойған жоқ. Ол 300 метр қашықтықта бақ сынап, барын салғанымен, жүлдегерлер қатарына іліге алмаған.

– Бұған дейін талай турнирге қатысып, әр жарыстан жүлдемен оралуға тырысып келемін. Бұл додаға да ерекше дайындалғанмын. Алайда, бәрі ойлағанымдай болмады. Қарсыластарым өте мықты. Бастапқыда қола жүлде үшін таласта қарсыласыммен қатар келе жатқанмын. Мәре сызығына жақындағанда одан қалып қойдым. Менің тарапымнан қателіктер болды. Мүмкін, қарқынды сәл үдеткенімде, жүлдегерлер қатарынан көрінер ме едім?! Бұл жолы жүлде бұйырмады. Енді алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындаламын, – деді Евелина Курганова.

Жалпыкомандалық есепте І орынды Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің спортшылары еншіледі. Одан кейінгі сатыға облыстық жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірттері тұрақтаса, үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді.

Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button