Кешегі жұмадан жексенбіге дейін Қарқаралы қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Bygyly Trail Qarqaraly – 2025» атты дәстүрлі трейл марафоны өтуде.

Биыл бұл ауқымды спорттық-мәдени іс-шара үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Марафонның басты мақсаты – аймақтың туристік және мәдени әлеуетін арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау және ішкі туризмді дамыту. Жарысқа қатысушылар саны күннен күнге артып келеді. Аптаның ортасына дейін тіркелгендер саны 470 адамға жетті, оның жетеуі шетелдік спортшы (алтауы – Ресейден, біреуі – Испаниядан). Қатысушылар жас мөлшеріне және денсаулық мүмкіндіктеріне қарай әртүрлі қашықтыққа жүгіреді. Әзірше тіркелген 36 адам – 50, 166 адам – 21, 159 адам – 10, 25 адам – 5, 24 адам 1 километрге жүгіруге тілек білдіруде. Тіркеу ресми https://bugylytrail.kz/ сайты арқылы жүргізілді.
Жарысқа қатысушылар бейсенбіден бастап, Қарқаралыдағы Мәдениет үйінен марафондық нөмірлері мен арнайы футболкаларын алуда. Қатысушыларға арнайы футболкалар мен медальдар дайындалды. Шайтанкөл туристік маршруты бойында 100 адамға арналған шатырлы қалашық ұйымдастырылды. Аймақта демалуға қажетті барлық инфрақұрылым бар: стационарлық әжетханалар, қолжуғыштар, тамақтану орындары және т.б.
Жарысқа қатысушылар үшін арнайы мәдени бағдарлама қарастырылған. Кеше кешкілік ашық аспан астында «Жұмақ та жұмбақ өлкем – Қарқаралым!» атты концерт өтті. Оның хедлайнері – танымал әнші Қайрат Түнтеков. Концерт соңында мерекелік отшашу болды. Қалада жәрмеңке алаңы ұйымдастырылды. Онда жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілер меймандарға өз өнімдерін, спорттық брендтер ұсынды. Бұл іс-шара аймақтың туристік имиджін көтеріп, жергілікті халықтың белсенділігін арттыруға бағытталған. Концертті тамашалаған адамдардың шамасын санап болмайды.
Бүгін сәскеде марафонның салтанатты ашылуы болды. Жарыс жолына 5 бақылау бекеті қойылған. Онда жаттықтырушылар, табиғи парк инспекторлары, ТЖ және полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Өрт қауіпсіздігі үшін арнайы өрт сөндіру техникасы, медициналық көмекке арналған жедел жәрдем көлігі мен бригадасы жұмылдырылды. Сөре мен мәре нүктесі Бұғылы су бөгетінде орналасқан. Бұл жерде де полиция, ТЖ және жедел жәрдем қызметі толық дайындықпен жұмыс істеуде.
Марафоншы ересектер – 50, жасөспірімдер – 5, балалар 1 километрге жүгіруде. Ертең ересектер 21 және 10 километр қашықтыққа жарысады.
Марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлер медальмен, мадақтама қағазбен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Естелік медаль жарысқа қатысушылардың бәріне беріледі.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»