Спорт

«Желқараға» жетер жүйрік жоқ

Тазы жүгірту, шырға тарту – бұқар жыраулықтардың өмір салтына айналған дәстүр. Бұл аймақтың азаматтары ұлттық спортқа тек ойын деп қана емес, рухани құндылық деп қарайды. Қансонарға бірінші болып шығып, тазы жүгіртіп, шырға тартып, бүркіт ұшыратын да осы ауданның азаматтары. Сонымен қатар, ұлттық спортты да насихаттау жолында талай турнир ұйымдастырып, оның дамуына да елеулі үлес қосып келеді. Соның бір айқын дәлелі – кешегі Қушоқы ауылында өткен облыстық турнир. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен 78 ересек тазы мен 36 күшікті әкеп қатыстырды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Жалпы, турнир ресми түрде облыстық деңгейде өткізілгенімен, оған әр аймақтан қатысушылар келді. Атап айтқанда, Ақмола, Павлодар облыстарынан бөлек, Астана қаласынан да жарысқа арнайы келгендердің қарасы қалың.

– Біз үшін бірінші орында – қауіпсіздік. Әр итті жеке-жеке орналастырдық. Әрі қашықтыққа жүгіргенде тұмылдырықпен жібердік. Бұның бәрі оқыс оқиғалардың алдын алу үшін ұйымдастырылған. Сонымен қатар, тазылардың жолын алдын ала қардан тазартып алдық. Биыл турнир алғаш рет осындай форматта өтті. Турнирге қатысатын иттердің құжаттары талап етілмеді. Алдағы уақытта жарыстың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді ұйымдастырушы Азамат Төкешов.

Ересек тазылар арасында Қарқаралы ауданынан (Едірей ауылы) келген «Желқара» атты тазы І орынды иеленді. Иесі – Азамат Төкешов. ІІ орынды балқаштық Ерлан Шыныбековтің «Көкдауылы» еншілесе, ІІІ орынды Азаматтың екінші тазысы «Еркеқызы» қанжығалады.

Күшіктер арасындағы бәсекеде елордалық Сүйіндік Жанахметовтің «Мұзбалағы» алдына қара салмады. Мәре сызығын екінші болып Серік Сисабаевтың «Қарахан» тазысы кессе, үздік үштікті Азаматтың «Құлпынай» есімді күшігі түйіндеді.

Айта кетейік, 15-ші ақпанда қайтадан осы өңірде шырға тарту сайысы өтеді. Ал, осы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button