Коронавирус

Жедел жәрдем станциясына екі капсула тапсырылды

Қарағанды облыстық жедел медициналық көмек станциясына коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды тасымалдауға арналған екі капсула тапсырылды. Олар «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі есебінен сатып алынған. Құрылғылар науқастарды тасымалдау барысында медициналық қызметкерлердің вирус жұқтыру қаупін барынша азайтады. 

Капсулалар толығымен герметикалық. Ол ауаны сүзу жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында, іштегі вирус капсула сыртына шықпайды. Әрі, науқас қандай да бір ыңғайсыздықты сезбей, ұзақ уақыт капсуланың ішінде бола алады. Олармен бойы екі метрге  және салмағы 200 килограммға дейін жететін адамдарды тасымалдауға болады.

– Біз Қытай елінде өндірілген екі капсуланы беріп отырмыз. Біреуінің құны – 1,8 млн теңге. Сұраныстың өсуіне байланысты тауар бағасы да көтеріледі. Пандемияға дейін мұндай капсулалар шамамен миллион теңге тұратын. Бұл капсулалар ДДҰ-мен ұсынылған, себебі олар науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді «Олимп» КДЗ Қарағанды филиалының директоры Дмитрий Гнейдин.

Қарағанды облысында қазір  бес капсула бар. Олардың үшеуі бұрын сатып алынған. Жабдықтардың барлығы қалалар мен аудандар бойынша бөлінген: екі капсула Қарағанды қаласында және де Балқаш, Теміртау және Жезқазғанда бір-бірден бар.

– Капсулалар жиі қолданылады. Біз оларды коронавирустық инфекция басталған бетте белсенді түрде қолдана бастадық. Мысалы, Қарағанды қаласынан СОVID-19 диагнозы расталған жүкті әйелді одан әрі емдеу үшін Нұр-Сұлтанға апардық, – дейді «Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК директоры Зүлфикар Әбілқасымов.

Қазір Қарағанды облысында 99 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Орташа есеппен тәулігіне бір бригада 12-15 шақыруға шығады. 

 

Басқа материалдар

Back to top button