Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері фельдшер мамандығына оқиды
Бұдан былай аймақтағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері фельдшер мамандығына оқытылмақ. Биыл Қарағанды медициналық колледжі кезең-кезеңімен 100 адамды қабылдап, курстан өткізеді.
Жаттығу жеті күнге созылады деп жоспарлануда. Фельдшер мамандығын алған жандар қалауы бойынша Сұрыптау кентіндегі қосалқы станса базасында жаңа оқу орталығынан тәжірибеден өте алады.
– Біз шұғыл медициналық көмектің сапасына көп көңіл бөлеміз. Жедел жәрдем шақырған жерге уақытылы келеді. Біз жедел жәрдемнің қызмет сапасын бақылау мақсатында жалған қоңыраулар арқылы шақыртамыз. Жедел жәрдем қызметі белгіленген уақыттан кешіксе, тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілерін дәрігерлер мен фельдшерлерге көмек көрсету мақсатында фельдшерлік курстардан өткіземіз. Сол үшін жүргізушілердің жалақысын арттырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Сондай-ақ, жақын арада жедел жәрдем диспетчерлік қызметінің жұмысы да жаңартылмақ. Қысқа мерзімді оқудан кейін диспетчерлер жедел жәрдем келгенше науқастарға телефон арқылы кеңес беретін болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz