Медицина

Жедел медициналық жəрдем станциясы алғашқы көмек көрсету курстарын өткізуге дайын

Əркімнің туысы, жақыны, отбасы бар. Алда-жалда жақыныңыз есінен танып қалды, тынысы тоқтап қалды, не шашалды делік. Алғашқы көмекті қалай көрсетуді білесіз бе? Мұндайда адам өмірін сақтап қалуға ықпал ететін əркеттерді өкінішке қарай, көпшілік білмейтіні рас. Абдырап, уақыт өткізіп, керісінше, білместікпен науқастың жағдайын нашарлататын əрекеттер жасауы мүмкін. Қарағандыда облыстық жедел медициналық жəрдем станциясының базасында ашылған Оқу-симуляциялық орталығы кез келген адамға алғашқы көмек көрсету курстарын өткізуге дайын. Тек, əуелі аймақтың жедел жəрдем мамандарын толықтай оқытып алуды жоспарлап отыр.

Жедел жəрдем

Оқыту үзілмеуі тиіс

Оқу халықаралық стандарттар бойынша біліктілік арттыруды көздейді.

– Біз жедел жəрдем қызметкерлерін реанимациялық іс-шаралар өткізуге, халықаралық стандарттар бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетуге үйретеміз, – дейді оқу-симуляциялық орталығының басшысы Вячеслав Рогозин. – Қазіргі уақытта америкалық «Жүрек» қауымдастығының халықаралық стандарты бойынша Израильдің Galileo Medical Center мамандарынан оқыған екі халықаралық нұсқаушы жұмыс істейді. Жақын арада олардың қатарын алты маманға көбейтеміз.

Бүгінгі таңда аймақтың жедел жəрдем қызметі мамандары оқуды бастаған.

– Нұсқаушылардың аздығына байланысты оқыту уақытын əр қатысушының мүмкіндігіне қарай ыңғайлап жатырмыз. Нұсқаушылар қатары толыққаннан кейін нақты белгіленген кезекпен оқытамыз.

Бүгінгі таңда 420 қызметкер оқытудан өтті. Олардың оқытуды қаншалықты меңгергенін тексерудеміз. Осы орталықта практикалық машықтарын көрсетеді, – дейді Вячеслав Рогозин.

Теориялық білім мен практикалық біліктілікті барлық санаттағы маман өтуі тиіс. Бұл ретте олардың дəрігер, не фельдшер екені, еңбек өтілі де аса маңызды емес. Маңыздысы – олардың жаңа стандарттарды меңгеруі.

– Біздің мамандарда бір рет қана оқып шығу деген болмайды.

Оқыту үздіксіз жалғасады. Сонымен бірге, бізге қарасты аудандардың мамандарын да оқытамыз, – деді орталық басшысы. Оқыту барысындағы білімі мен машығын қолданған медициналық қызметкерлер қатары артқанын, соның нəтижесінде сапалы алғашқы көмек көрсету пайызы өскенін айтты. «Бұл біздің дұрыс бағытпен келе жатқанымызды көрсетеді», – дейді.

Жедел жəрдем

Алғашқы нұсқаушылар

Израильдік медициналық орталықтың мамандарынан білімін жетілдірген екі нұсқаушының біреуі – Вячеслав Рогозиннің өзі. Ковид пандемиясына тұспа-тұс келгендіктен оқыту шетелде емес, Астанада өтіпті.

– Бізге алғашқы медициналық көмекті ғана емес, оқытуды қалай жүргізу керектігін де үйретті. Яғни, түрлі реанимациялық шаралардан бөлек, біз куратор болуды да меңгердік. Əріптестермен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігі айтылды.

Мəселен, менің тəжірибем бес жыл ғана, ал, жұмыс барысында еңбек өтілі 30 жыл, ғылыми дəрежесі бар мамандарды оқытуым керек. Мұндайда өзіңді дұрыс көрсетіп, ешкімнің көңіліне келмейтіндей əрекет ете білудің мəні зор, – дейді ол.

Ендігі оқыту қыркүйектің ортасында Астанада өтеді. Оған баратын алты адамның арасында Вячеслав та бар. Осы жолы мамандар АҚШ-тан келеді. Оқыту Қазақстан Республикасы Президентінiң Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында өтеді.

Жаңа стандарттар бойынша білім алатын алты нұсқаушы аймақтың жедел жəрдем қызметіндегі мамандарды оқытуға жеткілікті.

– Төрт адам – Қарағандыда, Теміртау мен Балқашта бір-бір маманнан болмақ. Манекендердің негізгі бөлігі осында. Алдағы уақытта аталған қалаларға алынады деп ойлаймыз, – деді Вячеслав Вячеславович.

Манекен – машықтану құралы

Орталықта ересектер үшін де, балалар үшін де негізгі жəне кеңейтілген реанимация дағдыларын меңгеруге арналған 12 манекен-тренажер бар. Жарақат имитаторлары да тұр. Бұлардың барлығы облыстық бюджет есебінен сатып алынған.

– Манекендер соңғы үлгіде деп айта алмаймыз. Медицина университеті, медициналық колледжінде қолданатындай деңгейде. Ресейлік те, қытайлық та, Еуропадан əкелінгені де бар. Мəселе, оны дұрыс қолдана білуде. Бізде «қазір мынаны бүлдіріп алсам, обал немесе менен сұрайды, қатты күш салуға болмайды» сияқты ой болады. Бұл дұрыс емес. Негізі, жедел жəрдем көлігіндегі барлық керек-жарақ мұнда да бар. Дефибрилляторлар, желдеткіштер, кардиографтар, реанимациялық жиынтықтардың бəрін қолданамыз, – деді спикер.

Жедел жəрдем

Жүргізуші де «дəрігер»

Биыл Денсаулық сақтау министрлігі жедел жəрдем көлігі жүргізушілерін де оқыту мəселесін көтерген болатын. Вячеслав Вячеславовичтің айтуынша, бағдарлама дайындалып жатыр.

– Бұл жерде жүргізушілердің практикалық білімінен бөлек, теориялық білімінің де болғаны керек. Сондықтан, медициналық колледж базасында оқыту да қарастырылған. Қазір бұған қатысты жұмыс бағдарламасы пысықталуда, – деді басшы.

Орталық басшысының пікірінше, жүргізушілердің де алғашқы медициналық көмек көрсете білуі керек.

– Реанимацияда, əсіресе, тағы бір адамның артықтығы жоқ. Бригадалар екі адамнан тұрады. Яғни, екі фельдшер ғана. Ал, науқастың жағдайы ауыр, реанимациялық көмек керек болса, көмекші қашан да қажет, – дейді Вячеслав Рогозин.

Жедел жəрдем

Диспетчер қызметі жетіле түседі

Медициналық қызметкерлермен бірге қоңырау қабылдайтын диспетчерлер де оқытылатынын айту керек. Орталық басшысы диспетчерлердің қоңырауды үзбей, тұтқаның арғы жағындағы адаммен байланыста болудың мəніне тоқталды.

– Бұл – диспетчердің үнемі жетілдіріп отыратын дүниесі. Шетелдік фильмдерде қандай да бір төтенше жағдай кезінде диспетчер қоңырауды үзбей, кеңес айтып, сөйлесуге тырысатынын көрген шығарсыздар. Жағдайға қатысты кеңес беру жүйесін біз де енгізгіміз келеді. Біздің диспетчер мамандарымыз оқытудан өтті. Енді сол машықты игеруі мен іс жүзінде қолдана білуін тексереміз, – деді В.Рогозин.

Қорғаныс та қажет

Жедел жəрдем қызметкерлерінің өзін-өзі қорғай білуі де күн тəртібінде.

– Жағдай əртүрлі болуы мүмкін. Агресивті пациенттер де кездеседі. Мұндағы кілтипан заңда. Əлбетте, саған біреу тас ала жүгірсе, жай тұрмайсың, қорғануға тырысасың. Бірақ, соңында ол емес, сіз кінəлі болып шығуыңыз əбден мүмкін. Менің жеке пікірім, құқық қорғау органдары мен жедел жəрдем қызметі арасындағы өзара қарым-қатынас жүйелі болуы керек, – деген орталық басшысы бір оқиғамен бөлісті.

– Осыдан бес жыл бұрын шақыртуға барған фельдшерді пациент үйінен шығармай қойған болатын. Екі жедел жəрдем бригадасы полиция қызметкерлерінен тез келді. Сол аралықта үйде кез келген жағдай болуы мүмкін еді, – дейді ол.

Алдағы жоспар ауқымды

Алдағы уақытта жүкті əйелдерге шұғыл көмек, үй жағдайында босануға көмек көрсету де оқытылмақ. Сонымен қатар, жоғарыда айтқандай, қарапайым адамдардың да алғашқы медициналық көмек көрсету машықтарын игеру мүмкіндігі туады. Медициналық қызметкер емес адамдарға оқыту ақылы түрде өтеді. Қазір институционалды аккредитациядан өту шаралары қарастырылып жатқан көрінеді. Оқыту құқығын биыл алса, келесі жылы басталады деген жоспар қойып отыр.

– Кез келген адам өтініш бере алады. Өтініш негізінде келісімшарт жасалады. Жеке адам да, кəсіпорындардағы қызметкерлер де оқи алады. Мұндай машықты меңгерудің септігі зор. Сол арқылы сіз өзгенің өмірін сақтап қаласыз, – дейді Вячеслав Вячеславович.

Алдағы уақытта ел көлемінде, халық көп жиналатын орындарда дефибриллятор қою қолға алынады. Орталық автоматты сыртқы дефибриллятормен жұмыс істеуді де үйретеді. Бұл жедел жəрдем қызметі келгенше науқасқа қажетті алғашқы көмек береді.

Оқыту Вячеслав Рогозиннің ойынша, жиі-жиі қайталануы керек. Себебі, қандай да бір көмек түрі үнемі қолданыла бермеуі мүмкін.

– Мысалы, реанимациялық көмек үнемі керек болмауы мүмкін. Көп қолданылмағандықтан қандай да бір машықтар ұмытылады. Сол себепті, əр жағдайға қолданылатын əрекет мида жатталып қалуы үшін үнемі қайталау керек. Яғни, біздің міндетіміз – кез келген жағдайға қажетті əрекет пен машықты автоматты түрде орындау деңгейіне жеткізу, – деді ол.

Оқу-симуляциялық орталық биыл медицина қызметкерлері күні қарсаңында ашылды. Ашылған бетте облыстың жедел жəрдем бригадалары арасында жарыс өткізді. Жеңіске жеткен команда осы 10 тамызда Семей қаласында өтетін республикалық жарысқа баруға дайындалып жатыр. Бүгінде облыстық жедел жəрдем қызметінде 1500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олар – дəрігерлер, фельдшерлер, жүргізушілер.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button