Руханият

Жебесі желмен жарысқандар

Балқашта Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған садақ атудан Халықаралық турнир өтті. Біріншілікке Түркия, Қырғызстан және Қазақстаннан 120-дан астам спортшы қатысты. Біріншілік жасөспірімдер және ересектер арасында пута, Орта Азия, қалқан және жамбы санаттарында өтті.

Ұлттық спортты, қазақы дәстүрді дәріптеп, дамытуды мұрат тұтқан доданың ұйымдастырылуына садақ атудан спорт шебері, Қазақстанның дәстүрлі және классикалық садақ атудан аға жаттықтырушысы Жұмағазы Мұхаметжанов мұрындық болды.

– Бұл жарыстардың ерекшелігі сол, қатысушылар садақ атудың үш түрінен жарысты: дәстүрлі, классикалық және аралас. Қазақстанда мұндай жарыс бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Біз халық- аралық турнирге үш айға жуық дайындалдық, барлығы жақсы деңгейде өтті. Қазіргі таңда дәстүрлі садақ ату спорты әсіресе, жастар арасында қарыштап дамып келеді. Сайын даланы мекендеген ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан бұл спортты дамытып, өркендету үшін жаңаша бағытта жұмыстар атқарылуда. Сан ғасырлар бойы атадан қалған аманаттай қастерлі болып келген көне дәстүрлі садақ ату спортын жастар арасында насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар, кемелді келешек иелерін ұлтын сүюге және патриоттық тәлім-тәрбиеге баулу, – дейді Жұмағазы Мұхаметжанов.

Жарыста әйелдер мен жасөспірімдерден тұрған топтар және ерлерден құрылған топтар өзара мықтыны анықтады. Іріктеу кезеңінде әйелдер мен жасөспірімдер 30 метр қашықтықта сынға түссе, ерлер 100 метрден садақ атып жарысты. Әрбір қатысушыға үш мүмкіндіктен беріліп, әр мүмкіндікте алты жебеден атылды. Ақтық сынға шыққандар өз топтарында үлкен және кіші финал үшін жарысты.

Микс жаттығуы бойынша дәстүрлі садақ атудан I орынды Челек Умутчан мен Гулай Чобаноглу (Түркия), II орынды Исхак Тоханов пен Сиюта Айбеккызы (Қыр­ғызстан), III орынды Бахтияр Тұрысбеков (Алматы) пен Гүлжанат Ешпаева (Ұлытау облысы) еншіледі.

Ал, турнирдің қорытындысында, ерлер арасында дәстүрлі садақ атудан I орынды Ынтымақ Мурадильуулу (Қыр­ғызстан) иеленді. Әйелдер арасында қарағандылық Кая Мазнева үздік атанды. Ұлдар мен қыздар арасында Түркістаннан келген спортшылар Алмаз Амантай мен Аяла Тұрарбек жеңіске жетті. Дәстүрлі аралас атысында Түркиядан келген садақшылар Челек Умутчан мен Гулай Чобаноглу жеңіске жетті. Компаунд атуда бірінші орынды алматылықтар Арсений Дубровин мен Айлин Чалышкан иеленді. Классикалық атыста Алматыдан келген Елизар Шепотько мен Ғайни Сандықбай алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, жамбы атудан ерлердің ішінде ерекше шеберлік танытқан Ысқақ Тоханов (Қырғыз­стан), әйелдер арасында қарағандылық Кая Мазнева бас жүлдені қанжығалады.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button