Жеңісті жолдың жаршысы
«Сарыарқа» хоккей клубы – Қарағандының абыройын жаһандық аренада асқақтатып жүрген ұжым. 2006 жылы құрылған. Содан бері Жоғары хоккей лигасының екі дүркін чемпионы болған. «Братина» және «Петров» кубоктарының иегері. Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионатында да екі рет көш басынан көрінді. Үш дүркін Қазақстан чемпионы. Үш мәрте ел кубогін қанжығалады. «Сарыарқа» – қарағандылықтардың мақтанышы. Кеншілер шаһарының жанкүйерлері мұз айдыны шеберлерінің әр ойынына қолдау көрсетуден қалыс қалған емес. Аренаға бара алмағаны тікелей эфирден тамашалайды. Өкінішке қарай, 2021 жылға дейін тікелей эфирде «Сарыарқаның» матчтарына ешкім қазақ тілінде комментаторлық жасаған жоқ. 2020 жылы пандемиядан кейін «Сарыарқа» клубы Қазақстан чемпионатына оралды. Содан бері, яғни, 2021 жылы бұл орынға Ботабек Тілегенов келді. Ол – Қарағанды хоккейіндегі тұңғыш әрі жалғыз қазақ тілді комментатор.
Ботабек Тілегенов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің журналистика кафедрасына оқуға түскен бетте спорттық журналистика саласын таңдаған екен. Мектеп қабырғасынан бастап спортқа аңсары ауған жас өрен осы саладан басқа ешқайсына бармаймын деп, табандап тұрып алыпты. Дипломдық жұмысын да осы тақырыпта қорғаған. Бұл күнде өзі қызмет ететін облыстық «Saryarqa» телеарнасында да өзінің әуелгі мақсатынан тайқыған жоқ. Ол «Арена», «Чемпионмен жүздесу» секілді хабарлардың авторы. Арқадан шығып, ел намысын әлем алдында қорғап жүрген чемпиондармен сұхбат құрып, оларды өңір тұрғындарына дәріптеп жүр. Қарағандыда өтетін байрақты бәсекелердің жаршысы. Бір сөзбен айтқанда, ол – Қарағандыдағы кәсіби спорт журналисі.
«Сарыарқа» хоккей клубына комментатор болып тағайындалғанда, оны әуелде ешкім мойындай қоймаған екен. Себебі, Қарағандыдағы хоккей он жылдам астам уақыт тек орыс тілінде ғана жүргізіліп келген. Ал, он жыл дегеніңіз әсте аз уақыт емес. Бұл уақытта жанкүйер түгілі бүтін қоғамды тәрбиелеп тастауға болады. Ресми тілге әбден құлағы үйренген қарағандылық жанкүйерлердің алдына бірінші болып барған – Ботабек Тілегенов.
– Хоккейдің аудиториясы – орысша, негізі. Қазақы ортада хоккей танымал емес десек те болады. Мүлде танымал емес деуге де келмейді. Әуелде, футбол комментаторы болсам деп армандадым. Бірақ, хоккей ойындарын тамашалап, қызығушылығым оянды. Өте қызықты спорт. Ауаны керемет әсер сыйлайды. Қақтығысып, жарысып жүріп ойнайтын нағыз ерлердің ойыны. Мұз айдыннан ерге тән мінез есіп тұрады. Оның үстіне, «Сарыарқаға» комментатор болу – мен үшін зор мақтаныш. Себебі, жерлестеріміздің халықаралық аренада өзіндік орны бар. Кез келген қарсылас сескенеді. Мақсатым – қарағандылық хоккей жанкүйерлеріне танымал комментатор болып, хоккей әлемінде ана тілінің тұғырын биіктету, – деді Ботабек Тілегенов.
Әрине, «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес». Ал, Ботабек әріптесіміз – өз саласының кәнігі маманы.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz