Жаңалықтар

Жеңісті жақындатқан арулар

Кешегі сұрапыл соғыс жылдары майданға аттанған ерлердің орнына қолдарына қайла мен шойбалға алып, жетіқат жер астына сүңгіп, кен қопарған Қарағанды әйелдерінің ерлікке пара-пар еңбектері талай айтылып, жазылып жүр. Әлі де айтыла беретін шығар. Өйткені, қазіргі ұрпақтың жаңа легіне мына мамыражай бейібіт өмір оңайшылықпен келмегенін, ата жаумен айқаста жеңіске жетуімізге тыл еңбеккерлері, соның ішінде әйелдер де орасан зор үлес қосқанын біліп жүрсін деп, саналарына сіңіре беру қажет деп білеміз. Бұл тұрғыда сарғайған газет беттерін ақтарып, аға ұрпақ өкілдері, апаларымыз бен әжелеріміз не жазғанын білген де артық болмас.

Қарағандының даңқты кенші әйелдері Жәкен Мұқанова мен Күләй Құлжанова

Биыл алғашқы саны шыққанына 95 жыл толғалы отырған кешегі «Советтік Қарағанды», қазіргі «Орталық Қазақстан» газеті сол ерлік еңбектің жылнамасын жасап отырған. Бұдан аттай 83 жыл бұрын, яғни 1943 жылдың 7 наурызында Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы М.Кротикова деген кісі «Қарағанды әйелдері көмір үшін күресте» деген мақаласында біз еске алып отырған оқиғалардан біраз мәлімет берген екен.

«Ерлер мамандығын игере білудің бірінші инициаторы болған екі әйел – Жәкен Мұқанова мен Күләй Құлжанова еді. Әйелдердің жиналысында Мұқанова: «Мен шахтада навалоотбойщик болып істеуге барамын, бұл жұмыстың қиын екенін де білемін. Бірақ, неміс помещиктерінің күңі болып, оларға тізе бүгуден қиын ешнәрсе жоқ», деген болатын. Мұқанова жолдас жауды жеңу үшін өзінің еңбегімен басқаларға үлгі боларлық істер істеді. Жанқиярлықпен жұмыс істеп, майданға көмектескені үшін үкімет оны Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады», – деп бастайды автор.

Мұнан кейін Мұқанованың үлгісі аз уақытта мыңдаған әйелдерге тарағанын келтіреді. Калинин атындағы шахтада Қарағанды көмір бассейнінде тұңғыш рет Поля Попова басқарған, онан кейін іле-шала №33-31 шахтада Кравченко басқарған әйелдер бригадасы құрылады. Мұндай бригадалар №№52, 19, 26 шахталарда да пайда болады. Киров атындағы шахтада байырғы кенші Соболевтің басқаруымен ыңғай қыздардан тұратын бригада қадамын бастайды.

«Қарағанды бассейнінде Отан соғысы басталғанға дейін бірде бір әйел запальщик болып көрген емес еді. Қазірде бұл мамандықта жүздеген әйел істейді. Олардың ішінде №18 шахтадан Машкеева, №20-бис шахтасынан Шестакова өздерінің стахановтық қарқындары үшін «Социалистік жарыс үздігі» белгісімен марапатталды. Жүздеген әйелдер машина-механизмдерді меңгеріп, слесарь, электровоз машинисі, моторист, токарь болып істейді. Киров атындағы шахтада электровоз машинисі мамандығын комсомол мүшесі Майорова аз уақытта игере білді. Горбачев атындағы шахтада комсомол Потлова екі мамандықты – лесогон және слесарьлықты игерді, енді үшінші маманды алуға ниетті», – деген деректер келтіріп, аттары ұмыт болған еңбек ерлерінің есімдерін еске салады.

Қазіргі ұрпаққа «навалоотбойщик», «запальщик», «электровоз машинисі», «лесогон» деген сөздер, мамандық атау­лары түрпідей тиіп, таңсық болуы ғажап емес. Шынында да бұл қандай мамандықтар? «Навалоотбойщикті» көмір құлатушы деп қазақшалап жүрміз. Ол кезде көмір забойында үңгілеу машинасы көмір қабатының астыңғы жағын үңгіп қазады да, кен жұмысшысы шойбалғаман (отбойный молоток) үгітіп, конвейерге құлатады. Өте ауыр, қауіпті, тек қарулы еркектер атқаратын жұмыс. Ал «запальщик» дегеніміз кенді дәрімен қопаратын жарылғыш затты тұтандырушы. Жер астында теміржолмен жүріп, аккумулятордан ток алатын машинаны да электровоз деп атайды. «Лесогондар» жер астындағы қазбаларға тіреу болатын ағашты түсірушілер. Мұны тәптіштеп түсіндіріп жатқанымыз осының бәрін бұрын ерлер ғана атқаратын. Қарғыс атқыр соғыс әйелдердің мойнына кеншінің ауыр қамытын кигізді ғой…

Тағы бір біздің назарымызға ілінген мақаланың авторы – қарағандылықтардың аға ұрпақ өкілдеріне есімі жақсы таныс Фатима Дәненова. Ол кісі соғыс жылдары облыстық партия комитеті хатшысының әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі орынбасары болып істеген. Иә, кезінде осындай да лауазым болған. Ұлы Отан соғысы жылдары ұлт республикаларында, облыстарда, қалалық, аудандық партия комитеттерінде әйелдер арасында жұмысты басқаратын арнайы бөлімдер, ал мекеме, кәсіпорындарда әйелдер кеңесі құрылған болатын. Өйткені, әйелдер өндірісте, ауыл шаруашылығында жаппай жұмысқа алынып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу қажет болды.

«Ауыл шаруашылығындағы әйелдеріміз майданды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін демалыссыз жұмыс істеп, еңбектің тамаша үлгілерін көрсетіп отыр. Литвинск МТС-нен Лагушина, Прокофева, Егорова, Юлина, Токарев МТС-нан Белалуцкая, Ростов МТС-нан Новокрещенова жолдастар комбайндарын жақсы күтіп, жанармайын үнемдегені үшін облыстық Құрмет тақтасына жазылып отыр. Облысымызда бұл сияқты еңбек ері әйелдерді жүздеп санауға болады», – деп жазған екен Фатима Құсайынқызы өзінің газетімізде 1943 жылдың 29 қыркүйегінде жарияланған «Қарағанды облысының әйелдері Отан соғысы күндерінде» деген ұзақ мақаласында. Онда автор жалпы алғанда шахтада, ауылда жанқиярлықпен жұмыс істеп, жеңіс сағатын жақындатып жүрген нәзік жандар туралы тебірене жазады.

Қарағанды облысының әйелдері со­ғыс жылдары майданға жылы киімдер жіберіп, эшелон-эшелон азық-түлік аттандыруға, вагондарға көмір тиеуге қатысты. Өз қаражаттарынан «Қарағанды қаласының әйелдері» атты санитарлық авиация құруға қаржы жинады. 1944 жылдың 1 қаңтарында облыстық газеттерде Жоғарғы Бас қолбасшының атына жолданған жеделхат мәтіні жарияланды. Онда былай делінген:

Москва, Кремль, Сталин жолдасқа.
Қымбатты Иосиф Виссарионович! Қарағанды әйелдері көмірдің Отанға өте қажет екендігін біліп, көмір тиеу ісіне ынталы қатынасты, көмір тиеуден және де қоғам қызметіндегі әйелдердің күшімен қойылған концерттерден түскен қаржыларды «Қарағанды қаласының әйелдері» атына санитарлық авиация звеносын жасау қорына беруге ұйғардық. 185 мың сом қаржы Отан қорғау қорына тапсырылды.

Қымбатты Иосиф Виссарионович! Авиациялық заводтардың біріне «Қарағанды қаласының әйелдері» атына санитарлық авиация звеносын құру туралы нұсқау беруіңізді Сізден қатты өтініп сұраймыз.
Қарағанды қаласындағы әйелдердің тапсыруы бойынша: (9 әйел қол қойған)».
«Қарағанды әйелдері азат етілген Украина мен Белоруссияның Чистяково қаласындағы балалар үйінің құрылысына 1307 мың сом, Минск қаласындағы осындай құрылысқа 395 мың сом қаржы жинады, Витебск қаласындағы балалар яслиі жабдықталды. 22 жұмысшы әйел КСРО орден және медальдарымен, 97 адам ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, 65 адам КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігінің Құрмет белгілерімен марпатталды», – делінеді «Қа­рағанды. Қарағанды облысы» энциклпедиясында.

Алайда, сол басылымда атап өтілгеніндей, 1985 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен Қарағанды кенші әйелдерінің құрметіне ескерткіш орнату туралы қабылданған шешім, міне, 40 жыл өтті, әлі күнге орындалған жоқ. Дуылдатып Ұлы Жеңістің 80 жылдығын да атап өттік. Ал, байырғы шешім «баяғы жартас сол жартас» (Абай) күйінде қалып отыр. Сүйекке таңба өзі! Облыс, қала басшылығы мен депутаттар корпусына осыны құлаққағыс еткіміз келеді. Қарағанды кенші әйелдерінің тылдағы ерлігі бір ескерткіш емес, талай монумент орнатуға лайық.

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист
Сурет «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мұрағатынан

Басқа материалдар

Back to top button