Жеңісті жақындатқан Ақтоғай
1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы бұрынғы кеңестік мемлекетті мекендеген әр отбасының шаңырағын шайқалтты, айтып болмас алапат ауыртпалық әкелді. Соғыс тақсіретін тартпаған бауыры бүтін адам баласы болмады десе де болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір жауынгердің еңбектерін ескеріп, есімдерін қастерлей білу – ұрпақ парызы. Майданда етігімен су кешіп, қар жастана, мұз төсене жүріп соғысқан, тылда таңның атысы – күннің батысы арпалысқа түсіп, тер төккен, бәріне шыдап, бәріне төзген жеңімпаздардың аты халық екені ұлы шындық.Ақтоғай өңірінен 3 мыңға тарта сарбаз Отанын қорғауға аттанды. Отты жылдарда от кешкен көптеген жерлестеріміз майдан мен партизан отрядтарында болып, фашистік қасапта қаза тапқан 27 миллион кеңес азаматы қатарында құрбан болды. Толық емес деректер бойынша олардың 1200-і майдан даласында көз жұмыпты. 586-сы хабарсыз кеткен. Кейінгі деректерде осы алапаттағы қырғын кезінде 257 сарбаздың мүрдесі шетелде қалғаны анықталған. Әлі де болса талай боздақ туралы соны деректер табылуы мүмкін.
Дархан еліміздің даңқына даңқ қосқан жерлестеріміз – Қазыбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіровтың Кеңес Одағы Батыры атағын алуы – ақтоғайлықтар үшін үлкен мәртебе. Қырғыннан 433 ардагер елге оралды. Олардың 218-і мемлекеттік жоғарғы ордендермен, 115-і медальдармен марапатталған.
Жеңіс оңай келмеді. Бір ту астында бірігіп, бір мақсатқа жұмылған Кеңес халқының «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранға жүгінген жанқиярлық еңбектерінің арқасында ғана мүмкін болды. Тыл еңбеккерлері адам төзгісіз қиыншылықтарға қарамастан әскерге қаружарақ, азық-түлік, киім-кешек жөнелтіп, жабдықтап отырды. Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Нығметолла Болғанбаев ақсақал соғыс қызу жүріп жатқан кезде жасы 16-ға жетер-жетпес шамасында үлкендерге тапсырылатын өте жауапты міндет атқарады. Ол 1943 жылы қызыл әскерге арналған көлік аттарын ақтоғайлық Түсіпов Тұрсынбай және Жәмшібайлармен бірге Украина жеріндегі Горький қаласына жеткізу тауқыметін басынан өткеріпті. Қайтар сапарында неміс самолеттері теміржолды бомбалағанда оны топырақ басып қалады. Ажалы жоқтықтан туған ауылына сегіз айдан соң ғана оралғанын бүгіндері естелік есебінде есіне алады.
Соғыс жылдарында тылда да қайнаған қызу еңбек болғаны аян. Жасы келген аталарымыз бен әжелеріміз, аналарымыз бар ауыртпалықты өз мойындарымен көтерді.
Тасаралда 1941 жылы колхозды Егінбай деген кісі басқарды. Ол армияға алынып, елін қорғауға соғысқа аттанды. Ол кісінің орнына Ә.Сатыбалдинов сайланды. Оның басшылығымен 16 бригада ұйымдастырылып, көлден 1860 тоннадан аса балық ауланады.
1941-1942 жылдары елдің бас көтерер азаматтары ел қорғауға соғысқа аттанады. Ауылда қарттар мен жас балалар, қыз-келіншектер қалады. Қажырлы еңбегімен көзге түскен, қыста қар жамылған, жазда күннің аптап ыстығына қарамай ерлік көрсеткен аналарымыз бар. Олар Сәрсен Ожанова, Қалиман Жауынбаева, Қойсана Шоқанбекова, Забира Шоланова, Жаныкүл Көккөзова, Несібелді Алтаева, Аманкүл Құрманова, Айтбала Қасенова, Рышкен Шақжанова, Рақила Ержанова, тағы басқалары. Сол кезде бұл кісілер небары 16-20 жас аралығындағы қыз-келіншектер еді. 1942 жылы тұз дайындау артелі ұйымдастырылды. Ол «Балқашмыс» және балық зауыттарына керек болды.
Ел басына күн туып, азаматтар орнын жоқтатпай, бар ауыртпалықты ана мен бала, қария қарттар көтерді.
Олардың еңбегі арқасында ел іргесі шайқалмай, ауыл шаруашылығы өркендеді. Отты жылдарда ауданда 36 колхоз болды.
Ақтоғайлықтар қызыл армия бөлімшелерінің жеңісін қажырлы еңбектерімен қолдап, материалдық жағынан орасан зор көмек көрсетіп отырды. Қорғаныс қорына сан мыңдаған қор жинап берді. Астық, мал өнімдерін көптеп жөнелтіп жатты. 1944 жылдың мамыр айында Қазақстанның танк қорына Кенішбай ақын – 110 мың, М.Жақсыбеков – 100 мың, А.Алдабергенов – 75 мың, Ә.Әбдіхалықов – 75 мың, Ә.Адамия – 75 мың, Ә.Ахметов – 75 мың, Тоқберген Телібаев – 75 мың, С.Шомақбаев – 61 мың, М.Жантулақов – 60 мың, Қ.Әмірханов – 60 мың сом ақша аударып, басқа да азаматтар жеңіске сүбелі үлес қосты. Жалпы ақтоғайлық патриоттар бір апта мерзімде Отан қорғау қорына 1 миллион 666 мың сом жөнелтті. Олардың еңбектері КСРО Қорғаныс Комитеті мен Бас қолбасшы И.Сталиннің атынан жоғары бағаланып, құттықтау телеграммаларын алды. Мұның өзі аға ұрпақтарымыздың Отанына шексіз сүйіспеншілігін дәлелдейтін айшықты мысалдар ретінде аудан тарихынан лайықты орын алды.
1942 жылы мал, егін өнімдерін жөнелту жоспарын ойдағыдай орындағаны және өз қаражаттарына көмек көрсетулері үшін Қоңырат ауданына (қазіргі Ақтоғай ауданы) КСРО Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туы мәңгі сақтауға берілді. Сол кездегі дерек бойынша 1940 жылы қой саны – 17135, ірі қара – 460, жылқы – 275 болды. 1945 жылы қой саны – 230850, ірі қара – 9080, жылқы – 860 бас болды. Ақтоғай халқы ер азаматтарын жоқтап, уайымнан қан жұтып жүрсе де, ерлердің орнын жоқтатқан жоқ. Бейбіт күнде бала өсіріп, бақытты өмір сүрген ана жылқы бақты, егін салып мал өсірді. Осындай ардақты да қайратты жандардың қатарында ең алдымен қызыларайлық Қ.Ыбырахымованың есімі ерекше аталды. Соғыс жылдарында село орталығындағы жалғыз дүкенде елжұртты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, әділдігімен ел есінде қалды.
Соғыс жылдарында ауданды басқарған Ш.Дулатов, Т.Дәлмағанбетов, әсіресе, Ә.Жәнібеков, Н.Алпысбаев, М.Шөкейбасовтың есімдері аудан жұртшылығының арасында зор ілтипатпен аталады. Әкелеріміз бен аналарымыздың соғыс жылдарындағы ерлікке толы еңбектері бағаланбай қалған жоқ. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қызыл Туымен наградталып, 50 мың сом ақшалай сыйлыққа ие болды. Республика бойынша осындай жоғары атаққа төрт ауданның бірі болып, Қоңырат ауданы еңбеккерлерінің ие болуы зор абырой, үлкен жетістік болатын.
Аудан бойынша мал шаруашылығы Ұлы Отан соғысы жылдарында өз қарқынымен өсіп отырды. «Бірлестік» колхозы 1944 жылы мал басын бірде-бір шығынға жол бермей, өз төлінен өсіруде табысты еңбек етті. Мал басын өз төлімен өсіруде жоғары жетістікке қол жеткізіп, әр 100 сиырдан 100 бұзау, 100 қойдан 109 қозы, 100 биеден 89 құлын алды. «Тельман» колхозы мал басын мемлекеттік жоспардағыдан артық өсірді. Оның ішінде, жылқы 111%, ірі қара 108%, қой 128%, түйе 107% өсті. Әр 100 аналықтан 100 бұзау, қозы 105, 100 құлын, 50 бота алынды.
Айтып болмас, қайтып келмес ауыртпалықтар артта қалды. Қырғынды басынан өткерген соғыс қаһармандары, белі бүгіліп еңбек еткен ата-аналарымыз бен қабырғасы қатпаған өскіндердің ерлік жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге болуы тиіс.
Темірғали АРШАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.