Жеңістің 80 жылдығына арналған ресми логотип жарияланды
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Бұл атаулы дата Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында да айтқан болатын. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қорғаныс министрлігі Жеңістің 80 жылдығына арналған ресми логотипті жариялады.

– Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz