Жеңіске жеткізгендер ардақталды
Биыл – екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл. Қазақстаннан, оның ішінде Қарағандыдан сан мыңдаған адам соғысқа аттанып, көбісі ерлікпен қаза тапты. Бүгінде облыста санаулы ғана соғыс ардагері бар. Мереке қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ел азаматтарымен бірге Қарағандыдағы «Ариста» салтанат сарайында соғыс және тыл ардагерлерін құттықтады. Ал, қонақтарды Талғат Бигельдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері қарсы алды.
Шара басында қатарымызда жоқ ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, бабалар рухына тағзым етілді.
Алдымен сөз алған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Жеңістің 79 жылдығымен құттықтап, жерлестеріміздің жанкешті ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа өшпес өнеге болып қала беретінін жеткізді.
– Бұл – қан майданда парыз бен намысты жоғары қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлер ерлігінің, биік рухының мерекесі. Сіздер бейбіт өмір үшін, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түстіңіздер, адам төзбес ауыртпалық көрдіңіздер. Бірақ, Сіздер бәрін де жеңдіңіздер. Ел намысын қорғаған, қан майданнан оралмаған батыр жерлестеріміздің рухына тағзым етеміз, олардың есімдерін әрдайым жүрегімізде сақтаймыз. Осынау айтулы мерекеде Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт пен шаттық тілейміз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Шараға 102 жастағы соғыс ардагері Сұңғат Саттығұлов қатысты. Ол 1941 жылы Қызыл Әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы «Сталинград шайқасына» қатысқан.
– Құрметті менің қарағандылық жерлестерім! Еліміз соғыстан кейін де қиын кезеңді бастан өткерді. Қара алтын өндірген Қарағандының жұмысшы табы Қазақстанның абыройын асқақтатты. Сол абырой биігінен түспеңдер! Сіздерге бейбіт күн мен ашық аспан тілеймін. Кейінгі ұрпақ соғыстың не екенін білмесін! – деді Сұңғат Смағұлұлы.
Ал, 89 жастағы тыл ардагері Ғайникамал Ибраева соғыс басталғанда небары бес жаста болған. Алты жасынан еңбекке араласқан ардагер қиын кезеңдерді басынан өткергенін еске алады.
– Соғысқа кеткен әкелеріміздің, ағаларымыздың орнын біздер бастық. Баламыз деген жоқпыз, үлкендермен қатар жұмыс істедік. Сол кезде үлкен көкөніс базасы бар-тын. Көкөністі тазалап, көлікке тиеп, майданға жібереміз. Қиын болғаны сондай, тазаланған көкөністі салып таситын ыдыс та болған жоқ. Көйлегіміздің етегіне салып, көлікке дейін апаратынбыз. Бір минутқа да тоқтап қалуға болмайды. Ал, жеті жасқа толғанда, таңғы сегізден түске дейін сабақ оқып, түстен түнгі он екіге дейін жұмыс істедік, – дейді Ғайникамал Байзықанқызы.
Ғайникамал Ибраева 1945 жылы соғыс аяқталған соң «Бәрі де майдан үшін!» деп, еңбек еткен балаларды жинап, алғыс айтқанын есіне алады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин да қонақтарды құттықтап, мықты денсаулық тіледі.
– Сіздер – ерекше шыңдалған адамсыздар. Сұрапыл соғысты өткеріп, одан кейін халық шаруашылығын қалпына келтірдіңіздер. Өздеріңізге деген құрмет те ерекше. Қадірлі ардагерлер, әулеттеріңізге бақ-береке, ырыс кетпесін! – деді Оралды Тұрсынұлы.
Шара соңында №58 жалпы орта білім беру мектебі кадет сыныбының оқушылары соғыс және тыл ардагерлері алдында әскери игілік бен қатал тәртіпте тәрбиеленген, елінің болашақ қорғаушылары мен патриоттары ретінде ант береді.
Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 11 ардагері тұрады. Олар – Николай Рассказимов, Иван Скрипников, Григорий Степенко, Виктор Шелудяков, Мария Шинкевич, Александр Балабас, Сұңғат Саттығұлов, Николай Куриленко, Өтелбай Орымбаев, Вера Шаповалова, Анна Котова.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»