Спорт

Жеңіске жеткізген жігер

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы үлкен теннистен ел чемпионаты өтті. Бәсекеден 6 жерлесіміз жүлдемен оралды. Рухын спортпен қайраған жеңімпаздарды Арқа жұрты құрметпен қарсы алды.

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы үлкен теннис чемпионаты осымен екінші рет өтіп отыр. Анығырақ айтсақ, жүру қабілетінен айрылған жандар арбада отырып ойнайды. Биылғысына Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе және Орал мен Шымкенттен 30 үміткер катысқан. 4 күнге созылған бәсекеде Айшуақ Жетпісова, Айжан Бутимбаева, Айжан Тұрсынова, Әсел Асаубаева есімді қыздарымыз үздік болды. Ерлер арасындағы жарыста Евгений Быков пен Фёдор Старыгин топ жарды.

Айшуақ Жетпісова былтырғы чемпионатта алтын алған. Биыл да сол межеден түспей, турнирдің абсолютті чемпионы атанды. Осы біріншілікте, тіпті, жұптық разрядтан да алтын ілді. Жұбы – Айжан Бутимбаева. Ал, Айжан жекелей разрядта қоланы қанжығалады. Айшуақ Жетпісова бала кезінде арбаға таңылған екен. Үлкен тенниспен айналысқанына бір жыл ғана болған. Осы спортпен толыққанды айналысу үшін тұрақты жұмысын тастаған. Жеткен жетістіктерi үшiн арнайы стипендия тағайындалған.

– Әр адам өмірде өзiн iздеу керек. Ал, өзін тапқан адам кез келген қиындықты еңсереді. Маған бұл спорт ұнайды. Рух шыңдалады, өмiрге деген іңкәрлік артады. Осындағы достарыма ерекше алғыс. Бiр-бiрiмiздi әрқашан шыңға сүйрейміз, – дейді Айшуақ Жетпісова.

Айжан Бутимбаева 14 жасында жол апатына түсiп, жарақатының салдарынан арбаға таңылған. Бірақ, рухы жаншылмай, еңсесі түспей, бірталай жетістіктерге жеткен. Ракетканы қолына осыдан бір ай бұрын ғана алған екен. Ол чемпионаттан ерекше әсерленгенін айтты.

– Мен спортты жақсы көремін. 14 жасыма дейін үстел теннисін ойнадым. Тағдырдың шалт бұрылыстары менi үлкен тенниске әкелді. Қазір жасым отыз екіде. Бұдан да зор жетістіктерге жеткім келеді. Бойымда күш-қуатым тасып тұр. Чемпионатқа барып, ерекше әсерлендім. Арбаға таңылған жандардың өмірге деген махаббатын көргенде, жүрегіме күннің нұры түскендей болды. Қандай қиындық болса да, жасымайтын мықты адамдармен достасып, қатарлас жүргеніме қуанамын. Оларға қарап, рухың биіктейді, – дейді Айжан Бутимбаева.

Үлкен теннисті арбада отырып ойнау елiмiзде былтыр ғана басталған. Бірақ, мамандардың сөзінше, паралимпиадалық спорттың бұл түрі қарқынды дамып келеді. Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларында әлем чемпионатына қатысып, жүлде алып жүргендер бар екен. Қарағанды облысы құрамасының бапкері Набижон Игамбердиев бiзде де дарынды спортшылардың буыны жасақталып келе жатқанын айтты.

– Биылғы чемпионаттан жүлде алған спортшылар болашақта үлкен нәтижелер көрсететініне сенемін. Олардың бойында дарын бар. Осы жеткенiмiзбен тоқтап қалмаймыз. Алға үлкен міндет, мақсаттар қойдық, – дейдi Набижон Игамбердиев.

Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button