Қарағандылықтар «Жұлдызай» ұлттық қысқы инклюзивті ойындарында табысты өнер көрсетті
Спортта шектеу жоқ. Соңғы жылдар мұғдарында елімізде инклюзивті спортқа айрықша көңіл бөлініп келеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да байрақты бәсекелерде бақ сынап, өз мүмкіндіктерін дәлелдей бастады. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ намысын ту еткен жас спортшылар Астанада өткен «Жұлдызай» ұлттық қысқы инклюзивті ойындарында табысты өнер көрсетіп, 13 медальды қанжығалауы – соның жарқын дәлелі.

Биылғы жарыстың қысқы кезеңіне еліміздің 16 өңірінен 10-16 жас аралығындағы 225 бала қатысты. Қатысушылар шаңғы жарысы, парахоккей және конькимен жүгіруден өзара бақ сынады.
Қарағанды облысының командасы конькимен жүгіру сайысында үшінші орынға ие болды. Өңірдің жас өрендері жеке есепте де жоғары нәтиже көрсетті. Жалпы есепте өңір құрамасының қоржынында 13 медаль бар. 4 алтын, 6 күміс және 3 қола. Жүлделердің ішінде үш күміс медаль конькимен жүгіруден, ал, қалғандары шаңғы жарысынан. Додада облыс намысын №3, №4, №6 және №7 арнайы мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері қорғады.
– Конькимен жүгіру де, шаңғы тебу де біздің интернаттағы дене шынықтыру сабақтарының бағдарламасына кіреді. Бірақ, бір сабақ, әрине, жеткіліксіз, сондықтан, балалармен қосымша жұмыс істейміз. Үйірмелер ұйымдастырып, демалыс күндері секцияларда жаттығамыз. Егер баланың әлеуеті жоғары екені байқалса, бірден онымен жеке жұмыс істеуге тырысамын. «Жұлдызай» ойындарына біз жыл сайын қатысамыз. Бұған дейін көбіне жазғы спорт түрлерінде бақ сынап, жүлдегер атанғанбыз. Ал, қысқы дисциплиналардағы бұл алғашқы нәтижелеріміз және жаман емес деп ойлаймын, – деді №4 арнайы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ольга Гринцова.
Айта кету керек, «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары елімізде он жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дәстүр бойынша жарыс жылына екі рет – қысқы және жазғы кезеңдерде ұйымдастырылады. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға әртүрлі спорт түрлерінде өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойындардың басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың спорт арқылы өзіне деген сенімін арттыру, сондай-ақ, қоғамда тең мүмкіндіктер мен инклюзивтілік қағидаларын насихаттау.
Аймақтың намысын желеу еткен жас спортшылар көрсеткен нәтиже өңірде инклюзивті спорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын аңғартады. Мұндай жарыстар балалардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына мүмкіндік береді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



