Спорт

Жеңіс тұғырынан көрінді

Абай облысы, Мақаншы өңірінде, Алакөлдің жағасында өткен «Асық ату» және «Бес асық» ұлттық ойындары бойынша ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында теміртаулықтар топ жарып, ел мерейін асырды. Бірнеше күнге созылған айтулы додаға еліміздің 14 облысынан келген сайыпқырандар қатысып, шеберлік пен тәжірибенің, ептіліктің ерен үлгісін көрсетті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

65 жастан асқандар арасындағы «Асық ату» жарысында жеңіске жеткен Молдаш Нұрымов – Теміртаудағы қыздар гимназиясының математика пәні мұғалімі. Ол өз өнерімен ғана емес, жастарға ұлттық ойындарды үйретудегі белсенділігімен де ерекшеленіп келеді.

– Жастық шақта асық ойнау біз үшін тек ойын емес, нағыз өмір мектебі еді. Екі жыл бұрын мені Теміртау құрамасына шақырып, жастармен жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Содан бері оларға асық ойнаудың қыр-сырын үйретіп келемін. Біздің жеңісіміз – тек спорттық жетістік емес, ұлттық ойындардың өміршеңдігін дәлелдейтін игі іс, – дейді Молдаш Нұрымов.

Ал 60 жастан асқан әйелдер арасында өткен «Бес асық» сайысында «Қуаныш» балабақшасының тәрбиешісі Гүлнәр Әлиева үздік нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озық болды.

– Мен әр ойын алдында ардагерлерге: «Сіздер тек жеңіс үшін емес, ұлттық мұраның аманатын жеткізу үшін шықтыңыздар» деп үнемі айтып отырамын. Олар да додада бар күш-жігерін салды. Бүгінде жастардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығы бізге үлкен үміт береді. Қазір ақпараттық технологиялар дәуірі болғанымен, ұлттық құндылықтар ешқашан ескірмейді. Ардагерлер соны дәлелдеді, – деді команданың жеке бапкері Асан Жолдыбаев.

Мақаншыдағы рухани-спорттық сайыста ардагерлердің жеңіс тұғырынан көрінуі – біздің аймақ үшін мерейлі мәртебе. Осы арқылы ұлттық ойындардың қадір-қасиеті жаңғырып, кейінгі ұрпаққа да үлгі болары анық.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button