Білім

Жеңіс тұғырынан көрінді

Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан Гонконгта өткен IEO-2024 халықаралық экономика олимпиадасына қатысып, қола медаль жеңіп алды. Зияткерлік жарыста әлемнің 53 елінен 250 оқушы бақ сынады.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен

Батырхан IEO-2024-ке дайындықты наурыз айында бастаған. Күн сайын сабақтан кейін мектепте қалып, қажетті тақырыптар бойынша кітаптарды оқып, мұқият зерделеген.

– Медальға үміттенген жоқпын, өйт­кені, негізгі тестті нашар тапсырдым деп ойладым. Экранда өз суретімді көргенде, қатты қуандым. Біздің команда мен еліміз үшін мақтандым. Бұл медаль – менің дұрыс бағытта келе жатқанымның дәлелі. Әрі қарай алтынға ұмтыламын. Бұл олимпиадаға тағы үш рет қатыса аламын, – дейді Батырхан.

Оқушының айтуынша, әлемнің 53 елінің үздік оқушыларымен бәсекелесу оңайға соқпаған. Оған халықаралық олимпиадаға дайындалуға экономика пәнінің мұғалімі Жантілек Напталов көмектескен екен.

– Батырхан – жауапты оқушы. Кез келген олимпиадада нәтиженің 70 пайызы оқушының өзіне байланысты. Мен тек бағыттадым, кеңес беріп, қажетті әдебиеттермен, материалдармен таныстырдым. Оның болашағы зор, экономика саласында табысқа жетеді, – дейді тәлімгері Жантілек Напталов.

Қазақстан командасы өткен жылдың нәтижелерімен салыстырғанда жалпы командалық есепте 10-нан астам орынға жоғары көтеріліп, жоғары нәтижелерді көрсетті. Ел құрамасы IEO-2024-те бес медаль жеңіп алды. Оның екеуі – күміс және үшеуі – қола.

Осылайша оқушылар әлемдегі мықты командалардың ондығына және бизнес-кейс бойынша жетілікке кірді.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button