Қарағанды облысында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар легі басталды. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында жүзден астам патриоттық, мәдени және спорттық шаралар жоспарланып, олардың ауқымды бөлігі ерлікке тағзым мен ардагерлерге құрмет көрсетуге бағытталды.

– Біздің міндетіміз – бұл маңызды даталарды облыстың әрбір тұрғыны өз халқын, өз тарихын және Отанын мақтан тұтатындай етіп өткізу, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында ерлік сабақтары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, «Солдатқа хат» челленджі қолға алынып, жас ұрпақ пен ардагерлер арасындағы рухани көпірді нығайтуға бағытталған. Спорт сүйер қауым үшін «Жастар» спорт кешенінде қазақ күресінен турнир өтеді.
Орталық саябақта, Жаңа Майқұдық пен Теміржолшылар мәдениет сарайларында өтетін «Ұранды ердің ұрпағы қайсар» атты мерекелік концерттер мен «Молодежный» мәдениет үйіндегі патриоттық ән байқауы көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ, әскери-патриоттық клубтардың қатысуымен өтетін «Жас сарбаз» саптық шеруінің облыстық байқауы да ел қорғандарына деген құрметтің бір көрінісі болмақ.
Цирк алдындағы алаңда Қали Байжанов атындағы концерт бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ерліктің даңқы өшпес!» атты гала-концерт өтеді. Сонымен қатар, 7 мамырда облыстың барлық қалалары мен аудандарында Астанадағы әскери шерудің көрсетілімі ұйымдастырылады. Шеруге Қарағанды облысынан Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Степенко мен тыл еңбеккерлері қатысады.
Ардагерлерге қамқорлық көрсетуге ерекше назар аударылды. Өңірде 2797 ардагер тұрады, олардың ішінде сегіз ҰОС ардагері, 116 ардагердің жесірі, 2634 тыл еңбеккері, 29 концлагерь тұтқыны және 10 Ленинград қоршауында қалған азамат бар.
Оларға медициналық тексеруден өткізу бір айлығы жүріп жатыр, ал, 9 мамырда «Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталады.
Облыс жастары да мерекелік дайындыққа белсенді қатысып жатыр. Еріктілер 10 қала мен ауданда «Ардағым – ардагерім» және «Ардагер-өсиеті» акцияларын қолдай отырып, ардагерлерге көмектеседі.
Облыс орталығын абаттандыруға ерекше назар аударылды. Соғыс батырларының есімі берілген көшелер санитарлық тазартудан өтіп, ескерткіштер мен мемориалдар жаңартылды. 200-ден астам жалау конструкциясы, 300 консольдық жалау орнатылды, көшелер тақырыптық баннерлермен және медиабордтармен безендірілді.
Мамыр мерекелерінің шарықтау шегі Жеңіс күнін мерекелеу болмақ. Тоғызыншы мамырда «Ұлы Жеңіске мың тағзым» акциясы аясында Мәңгілік алауға және Сұрыптаудағы жауынгерлік даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтеді.
Бұл күні Қарағандының Жеңіс саябағында «Жеңіс жолы» театрландырылған концерті, джаз оркестрі мен эстрада орындаушыларының қатысуымен кешкі бағдарлама өтеді. Концерттер Майқұдық және Теміржолшылар мәдениет сарайларында және цирк алаңында өтеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»