Жеңіс оңай келген жоқ
Отан қорғаушы күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында біз сұрапыл соғыстың қанды қасап жылдарында ел қорғаған батырларымызды, олардың маңдай терімен келген бейбіт күннің бағасын ұмытпай, тағзым етеміз. Сол ардагерлердің бірі – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, елге сіңірген еңбегімен ел-жұртының құрметіне бөленген Айтмағанбет Төлекеев.

Айтмағанбет Төлекеев 1912 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. XXV партия съезі атындағы колхозда еңбек етіп жүргенде, 1941 жылғы 15 шілдеде Павлодар әскери комиссариатынан соғысқа шақырылып, Украина жеріне жөнелтілген. 115-атқыштар бригадасының құрамында майдан шебіне аттанып, от пен оқтың ортасынан табылды.
Ол соғыс жылдарын еске алғанда: «Әрине, соғыс оңайға түскен жоқ. Жау да өліспей беріспейтін. Шынжыр табан жер бетін жаңғыртатын», – деп отыратын. Майданда жүріп, ерлік пен төзімділіктің, адалдық пен жауынгерлік рухтың нағыз үлгісін көрсетті. 1943 жылы сол аяғынан ауыр жараланып, ІІ топтағы соғыс мүгедегі атанды.
Соғыстан кейін 1948 жылы Қарағанды облысы Қу ауданының Энгельс атындағы колхозына көшіп келіп, ел еңсесін тіктеу ісіне білек сыбана кірісті. «Жалтас» колхозында қарапайым жұмысшыдан бригадир, қоймашы, ферма меңгерушісі болып, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнады. Жұмысқа деген талапшылдығы мен ұқыптылығы көпке үлгі болды. Бірде кірпішті сиыр таптап кеткенде, балаларына қайта құйғызып, «еңбекке жауапкершілікпен қараңдар» дегенін ұмытқан емеспіз, – дейді балалары.
Айтмағанбет ақсақал ел ішінде сыйлы, сөзі салмақты, ісіне берік азамат болған. Жұбайы Жамал Қыпшақбаева үй шаруасымен айналысып, жеті бала тәрбиелеп өсірген. Ол – «Батыр ана» медалімен марапатталған ардақты ана. Ұрпақтары бүгінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Раушан ТӨЛЕКЕЕВА,
зейнеткер ұстаз.