Жеңіс Қасымбек мектепке дайындық 25 тамызға дейін аяқталсын деген қатаң тапсырма берді
Бүгінде Қарағанды облысының экономика саласында қарқынды өсім бар. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібінде оң ілгерілеу байқалады. Онда жыл басынан бері өсім шамамен 6 пайызды құрап тұр. Бұл туралы экономика басқармасының басшысы Татьяна АБЛАЕВА аппараттық кеңесте мәлімдеді.
Аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары шығарылып, назарға ұсынылды.
– Биылғы жеті айда экономиканың нақты секторының барлық базалық салаларында өсім бар. Оның ішінде, өнеркәсіпте – 1,6 пайыз, ауыл шаруашылығында – 0,9 пайыз, құрылыста – 0,3 пайыз. Сондай-ақ, ішкі сауда көлемі 3,5 пайызға көтерілсе, көлік саласындағы қызметтер 2,8 пайызға өсті, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Жыл басынан бергі есептік деректер бойынша, өнеркәсіптік кәсіпорындар 2,2 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Өңдеу өнеркәсібінде тазартылған алтын мен күмістің, және таза мыстың өндірісі анағұрлым артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 320,2 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін екі мыңға жуық жұмыс орнын ашатын 11 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұдан бөлек, жеті айда облыста 254,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға артық. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,7 % өсіммен 84,5 мың бірлікке жетті. Аппараттық жиналыста тағы бір шешімін тапқан өзекті жұмыс жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл – мектепке дайындық. Бұл туралы бүге-шігесіне дейін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова баяндады.
– Ең басты назарда көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары. Оларды мектепке керек құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін тамыздың 1-нен бастап дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы басталды. Бүгінге дейін әлеуметтік қолдауға мұқтаж 760 оқушыға көмек қарастырылды. Жалпы, акция барысында барлық тізімдегі оқушылардың үйін аралап, толық қамтамасыз етілгендігіне көз жеткізіп, оларға арнайы телефон номер ұсынылды. Мектеп құралдары жетпеген, не жоқ жағдайда өтінім берсін деген ниетпен, – деді Гүлсім Шабданқызы.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, тіпті, оқу құралдарды қабылдайтын арнайы пункттер де ашылады деп жоспарлануда. Жергілікті кәсіпкерлерге мектеп керек-жарағын арзан бағада сатуын өтініп өтінімдер де жібергендігі жеткізілді. Кәсіпкерлер мұны қос қолдап қолдаған. Қазіргі таңда мектеп құралдарын қарағандылық оқушылардың ата-анасы 20-21 тамыз аралығында Global City сауда үйінен арзан бағамен ала алады.
Бұл шара өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырылады. Аталмыш мектеп жәрмеңкесі облыстың барлық қала, аудандарында орын алады.
Бұдан өзге басқарма басшысының ақпараты бойынша «Жаппай оқыту» қоры есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 15 мың оқушыға қаржылай қолдау көрсетіледі. Ата-аналарының немесе қамқоршыларының есепшоттарына 37 389 теңге мөлшеріндегі қаржы қарастырылған. Бұл көмек – мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға арналған.
Сонымен қатар, Гүлсім Қожахметова облыс оқушыларының жаңа оқу жылындағы оқу орындарын сөз етті. Оның айтуынша, облыстың 406 мектебінде 170 мыңға жуық бала оқитын болады. Бірінші сыныпқа 17 мыңға жуық бала барады.
Ал, мектепаралық қатынасқа келер болсақ, өңірде биыл Саран қаласындағы зауытта шығарылатын 27 жаңа мектеп автобусын сатып алу жоспарлануда. Бұл дегеніміз көп ұзамай оқушылар мектеп пен үй аралығында жаңа автобустармен қатынайды деген сөз.
Кеңесте аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мектепке қатысты барлық дайындық 25 тамызға дейін аяқталсын деген қатаң тапсырма берді. Оның ішінде «Оқушылар осы аралықта толық оқулықпен, киіммен және тамақпен қамтамасыз етілуі керек» дегенін қосыңыз.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.