Жаңалықтар

Жеңіс ҚАСЫМБЕК: “Дағдарысқа қарсы шараларды уақытылы қабылдау қажет”

Қарағанды облысының экономикасы бірінші тоқсанда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ендігі мақсат – төтенше жағдай және карантин кезінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын осы деңгейде ұстап қалу. Бұл мәселе селекторлық режимде өткен аппарат кеңесінде талқыланды. Облыс әкімі  Жеңіс Қасымбек барлық тәуекелдерді есептеп, дағдарысқа қарсы шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.

Облыстық экономика басқармасының ақпараты бойынша, бірінші тоқсанның қорытындысында құны  651 млрд теңге (өсім 5%) болатын өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,5%-ға артты. Фармацевтика, жеңіл өнеркәсіпте – 5,8%, машина жасауда – 5%, металлургияда – 3,5% өсуі күтілуде.

– Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанды жақсы нәтижемен жабамыз. Сонымен қатар, облыстың әлемдік үдерістерге интеграциялануының өзіндік тәуекелдері бар. Олар аймақтың дамуына өз әсерін тигізуде.  10 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Төтенше жағдай режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылады. Коронавирустық инфекцияға қарсы шараларды жүзеге асыруда тізгінді босатуға әлі ерте, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек. 

2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы мен «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы өңір экономикасының локомотивіне айналмақ. Мәселен, Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында 63,7 млрд теңгеге 619 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осыған орай, аймақ басшысы  жергілікті жұмыс күшін барынша тартуды және жергілікті құрылыс материалдарын пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ, жұмыс сапасын бақылауды күшейтуді талап етті.

«Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға 5,6 млрд теңге бөлінді.
Облыста тұрғын үй құрылысы жалғасады. Жаңа құрылыс нысандары  барлық қалалар мен аудандарда пайда болады. Жыл соңына дейін 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарлануда.
Кәсіпорындар қызметі бойынша Жеңіс Қасымбек салалық басқармаларға, қала және аудан әкімдеріне тапсырма берді.
– Дағдарысқа қарсы шараларды уақытылы қабылдау қажет. Карантин кезеңінде жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорындарды, сервис объектілері мен шағын және орта бизнес субъектілерін кезең-кезеңмен ашудың түрлі нұсқаларын әзірлеу керек. Экономика басқармасы алдағы барлық тәуекелдерді есептеуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button