Жеңімпаздар құрмет төрінде
Бокстан Астанада өткен Әлем кубогында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қос жерлесіміз ел қоржынына бір алтын және бір қола жүлде салған болатын. 75 келіде сынға түскен Сабыржан Аққалықов қарсылас шақ келтірмей үздік шықса, 65 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Аида Әбікеева қола жүлде еншіледі. Сонымен қатар, 34 жастағы кәсіпқой боксшы Милана Сафронова сегіз жылдық үзілістен кейін қайта рингке көтеріліп, бірінші жекпе-жегін жеңді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында жеңімпаздарды қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесу барысында қос спортшының жаттықтырушысы Александр Насибуллин мен Ислам Абдраимов та көпшілік сұрағына жауап берді. Спортшылар жайында сөз қозғап, алдағы жоспарын мәлімдеді. Спорт қайраткері Нұрғазы Жарылғапов та спортшыларды құттықтады. Ал, Серік Жұманғалиұлы боксшыларға жоғары бағасын беріп, жылы лебізін білдірді.
– Қарағандылық боксшылардың жеңісі өңір спортын одан әрі дәріптеп, жаңа шыңға жетелейді. World Boxing аясында Астанада өткен бокстан Әлем кубогының кезеңі Қазақстан құрамасы үшін оңай болмады. Команда спортшылары 16 медаль жеңіп алды. Оның сегізі – алтын. Әрі жалпыкомандалық есепте ұлттық құрама көш басына шықты. Осы нәтижеге біздің боксшыларымыздың үлес қосқанына өте қуаныштымын, – деді басқарма басшысы.
Сабыржан Аққалықов – Қарағанды бокс мектебінің түлегі. Алайда, кейінгі жылдары Орал облысының атынан шығып, сол аймақтың намысын қорғап жүрген. Алайда, осы Әлем кубогында Қарағанды облысының атынан шығып, облыс қоржынына алтын медаль салды.
– Менің таза салмағым – 80 келі. 75 келіде жұдырықтасу үшін салмақ қудым. Әрине, салмақ тастау оңай емес. Жаттығуды тыңғылықты жасап, арасын үзбедім. Бастапқыда облыстық бокс федерациясы тарапынан ешқандай қолдау болмаған соң Орал облысының атынан шыққанмын. Ол жақтан маған ұсыныс келіп түсті. Ал, ол ұсыныстан бас тарта алмадым. Қазір бәрі басқаша. Алдағы уақытта қандай жарыс болса да, Қарағанды облысының атынан шығамын – деді чемпион.
Спортшы жарыстың үшінші күні шыққан қарсыласы канадалық Джошуа Офоримен өткен кездесуі жайында айтып берді.
– Бұл кездесу мен үшін қиынға соқты. Себебі, шаршы алаңға бірінші көтерілген күнім еді. Рингке үйренісіп, аурасын сезінгенімше дұрыс жұдырықтаса алмадым. Ақтық бәсекеде кездескен қарсыласыммен бұған дейін де қолғап түйістіргенбіз. Болгарияда өткен «Странджа кубогының» жартылай финалда жолығып едік. Ол кезде де қарсыласымнан басым түскенмін. Ал, басқа қарсыластарыммен бірінші мәрте кездесуім. Олар да әр салмақтан ауысып келген спортшылар. Алдағы уақытта салмағымды 80 келіге, яғни, Олимпиада салмағына көтеруді жоспарлап отырмын, – деді ол.
Ал, Аида Әбікеева 1/8 финалда Ұлыбритания елінің өкілі Дионе Бурманмен кездесіп, қарсыласын басымдықпен жеңген болатын. Ал, жартылай финалдық сында Оңтүстік Кореялық Кан Сукенмен қолғап түйістіріп, қарсыласынан айласын асырған болатын. Ал, 1/2 финалда түркиялық Бусеназ Сурменелимен қолғап түйістіріп, осы кезеңнен сүрінген еді.
Жерлесіміздің қолына бокс қолғабын кигеніне де он алты жылдың жүзі болыпты. Бірақ, жастайынан өзі футболға әуестенген. Кейіннен ата-анасы бокс үйірмесіне беріп, осы спортқа алып келіпті.
– Жартылай финалда күшім де, салмағым да жетпей қалған сыңайлы. Олай дейтінім, бұған дейін 63 келіде жұдырықтасқан едім. 65 келі мен үшін жаңа салмақ. Яғни, Олимпиада салмағы. Жаңа салмақта дайындалып та үлгермедім. Аз уақыт ішінде физикалық тұрғыдан күш жинай алмадым. Осы тұрғыдан қателескенім бар. Түрік боксшысымен өткен кездесу өте ауыр болды. Қарсыласым – Олимпиада чемпионы. Әрі үш дүркін Әлем чемпионатының жеңімпазы. Өз басым осы бәсекеге алтын аламын деп келіп едім. Енді жаттықтырушыммен бірге қателіктермен жұмыс істеу керек. Шаршы алаңда жекпе-жек өткізіп, әлемдік ареналарда өнер көрсетуімді атам армандаған екен. Енді алдағы уақытта Олимпиада жолдамасы үшін барымды саламын, – деді жүлдегер.
Түркияның Стамбул қаласында өткен IBA.PRO 7 кәсіпқой бокс турнирінде 34 жастағы Милана Сафронова кәсіби мансабындағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Жерлесіміз бұл кездесуде әуесқойлар арасында екі дүркін Әлем чемпионы, 40 жастағы түрік боксшысы Гүлсүм Татармен жұдырықтасқан болатын. Алты раундқа жоспарланған кездесу соңына дейін өтіп, нәтижесінде төрешілердің шешімімен жеңіс қарағандылық боксшыға берілген.
– Мәскеу қаласында жаттықтырушыларымның нұсқауымен тыңғылықты жаттықтым. Қарағандыдағы жаттықтырушым Ғалымбек Кенжебаев, Нұрғазы Ғалымұлына да зор алғысымды білдіремін. Маған сенім артып, үнемі ақылын айтып отырады. Көптен бері шаршы алаңға шықпаған маған қолдау көрсетіп, демеу болған барша жақындарыма мың алғыс, – деді кәсіпқой боксшы.
Милана Сафронова кәсіби боксқа ресми түрде 2017 жылы ауысқан екен. Алайда, жаттықтырушысы «Сенің тәжірибең аз» деп көп жекпе-жекке шығармапты. Содан барып, спортшы әуесқой боксқа қайта келіп, түрлі турнирлерге қатысып, тәжірибе жинақтады. Нәтижесінде, үш мәрте ел чемпионатын жеңді. Кейін Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Осыдан жарты жыл бұрын әуесқой бокста Азия біріншілігіне тағы бір мәрте қатысып, қола жүлдегер атанады. Содан бері әуесқой бокста жарты жыл, кәсіби бокста 8 жыл жекпе-жек өткізбеген.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»