Жаңалықтар

Жеңімпаздар марапатталды

Отбасы күні қарсаңында Қазақстанда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Косолаповтар әулеті Қарағанды облысының үздік отбасы деп танылды.

Биыл Қазақстанда 17 жеңімпазды марапаттау рәсімі ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен онлайн түрде өтті. Мемлекет басшысының дипломын, мүсіншені және ақшалай сертификатты Қарағанды облысынан конкурс лауреатына өңір басшысы Жеңіс Қасымбек тапсырды.

– Міне, бірнеше жыл бойы біз барлық қазақстандықтарға нағыз отбасылық құндылықтардың, еңбекқор, ұйымшыл, тату отбасының үлгісін көрсету үшін үлгілі отбасыларды таңдап келеміз. Жалпы еңбек өтілі 365 жылдан асатын, бай еңбек тарихы бар кеншілер әулетін біздің облысымыздан жеңімпаз ретінде көріп отырғанымызға қуаныштымыз, – деді ол.

Косолаповтар отбасы – төрт ұрпаққа тараған кеншілер болып табылады. Отағасы Валерий Косолапов Ленин атындағы шахтада тік ұңғылардың үңгілеушісі, ал жұбайы Людмила Волокитина – аға табельші болып жұмыс істейді. 18 жыл бұрын неке құрған және қазіргі күні екі ұл тәрбиелеп отыр.

– Біз осыған дейн де «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан болатынбыз. 2017 жылы қалалық турда бірінші орын алдық, – дейді Людмила Волокитина.

– Бұл жолы жеңіс біз үшін күтпеген оқиға болды. Себебі, мықты және осы атауға лайықты қарсыластар көп болды. Біз қарапайым тату және көпұлтты отбасымыз. Бізде дәстүр сабақтастығы сақталған. Балаларды отбасылық құндылықтар рухында тәрбиелейміз. Жеңімпаз отбасының айтуынша, олардың шаңырақтарында орнаған бақытты некенің басты құпиясы – өзара көмек пен түсіністік. Ерлі-зайыптылар үйленіп, балалары болғаннан бері олар «мен» сөзін ұмытып, оны «біз» дегенге ауыстырған. Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің оң бейнесін насихаттауға, сондай-ақ, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Ол Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бері өткізіліп келеді.

Өз тілшімізден.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ

Басқа материалдар

Back to top button