Спорт

Жеңімпазға тарту

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов сурдлимпиада жүлдегерлеріне пәтер кілтін табыстады. Конституция күні мерекесіне орай ұйымдас­тырылған бұл сыйлық – чемпиондарды одан сайын қанаттандыра түсті.

 

2017 жылғы сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы, таэквондошы Аян Әбдіраш қуанышын жасыра алмады. Тумысынан құлағының кемістігі бар жас спортшы өз еңбегі мен қабілетіне дән риза.

– Бізді елеп жатқан ел-жұртқа мың алғыс. Әкімдіктің бұл сыйы біздің барар жер, басар тауымыз жоқтығынан емес, керісінше, бізді одан әрі дамытып, еларалық додаларға жігерлендіруі деп білемін. Алдағы халықаралық додаларда ел абыройын асқақтату үшін барымды саламын, – деді спортшы Аян Әбдіраш.

Сонымен қатар, Бразилиядағы сурдлимпиада ойындарында ұлттық құраманың ұпайын түгендеген Айжамал Әбдіқатова, Нұрдәулет Жақып, Аян Әбдіраш, Виктор Фрундин секілді мықты таэквондошылар еді.

Ал, Виктор Максименко Польшаның Варшава қаласында өткен қысқы сурдлимпиада ойындарында шахматтан жеңімпаз атанған.

– Қарағанды қаласы – Геннадий Головкин, Шавкат Рахмонов, Алан Құрманғалиевтерді баптап шығарған өлке. Ел намысын қорғап жүрген қарағандылық құраманың орны еліміз үшін қашанда бөлек. Ал, соның ішінде, сурдлимпиада спортшыларының орны мен үшін ерекше, – деп атап өтті Мейрам Кожухов.

Бес спортшының бесеуі де қарағандылық спорттың дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар. Олардың қазіргі дайындығы өте мығым. Ел намысын әлемдік аренада қорғау олар үшін мақтаныш деп білеміз.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button