Жеңілдікпен несие алды
Нұра ауданының алты кəсіпкері жеңілдікті шарттармен шағын несиелер алды. Кəсіптерін енді бастаған олар мал шаруашылығын дамытуды жəне құм блоктарын өндіруді жолға қоймақшы
21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша 25 жастағы Айтолқын Құсайынова жылдық 2,5%-бен 5 миллион теңге алды. Ол Баршино ауылында құм блоктарын шығару өндірісін ашпақшы. Айтолқын өндіріске арналған базаны да алдын ала тауып қойған.
– Ауылымызда жəне оның маңындағы кəсіпкерлер белсенді. Құм блоктары өте сұранысқа ие, көбі оларды Астанадан алып келетіндіктен, құны да əжептəуір жоғары. Осы бағыты зерттегеннен кейін мен осындай блоктардың өндірісін жолға қоюды шештім. Екі адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмын. Қазірдің өзінде жабдыққа тапсырыс бердім. Бетон араластырғыш жəне құм блоктарына арналған машина алдым. Тауарға сұраныс болатынына сенімдімін, – дейді Айтолқын Құсайынова.
Ал, Нұра кентінің тұрғыны Қымбат Шерубаева 3,3 миллион теңге көлемінде несие алды. Осы қаражатқа ол жылқы өсіруді жоспарлап отыр.
– Бізде ұсақ мал мен сиыр бар. Енді жылқы өсірумен айналысып, қымыз өндірісін жолға қойғым келеді. Бірінші жылы бізде несиелік демалыс бар. Содан кейін несиені төлей бастаймыз. Бұл жастар үшін өз бизнесін бастауға тамаша мүмкіндік, – дейді кəсіпкер.
Аталған ауданда биыл ісін жаңа бастаған тоғыз кəсіпкерді қолдау жоспарда. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 45 миллион теңге.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz



