Қарағанды облысында жеңіл көліктің салонына жылқыны тиеп алған жүргізуші анықталды.
Қарағанды облысы Нұра ауданында патрульдік полиция қызметкерлері бүгін, 11 желтоқсан күні Нұра — Теміртау республикалық автожолында «Audi» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлікте жылқы болған. Жеңіл автокөлікті тізгіндеген Бұқар жырау ауданының тұрғыны, жылқының өзінікі екенін дәлелдейтін және оны тасымалдауға қатысты ешқандай құжат ұсына алмады.
Жүк тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары ветеринариялық инспекцияға жолданды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жылқының нақты иесін анықтап, ұрланған-ұрланбағанын тексеріп жатыр.
Айта кетейік, 7 қазаннан бері өтіп жатқан «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Нұра ауданында мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 37 фактісі анықталды. Оның 20 жағдайында жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА