Жазушының мәшеңкесі
Кезінде жазу мәшеңкесі кез келген мекеменің кеңсесінде кездесетін. Сосын қолы жеткен ақын-жазушы алатын. Сәкен Сейфуллин атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылған мына «Ideal» жазу мәшеңкесінің иесі – жазушы Асан ЖҰМАДІЛДИН. Ол шамамен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «A.-G.Seidel & Naumann Drezden» зауытында жасалған.
КСРО Жазушылар одағының мүшесі Асан Жұмаділдин – ауылдан табан аудармай, өз кейіпкерлері арасында өмір сүрген қаламгер. Шығармаларына көбіне ауыл өмірін арқау етті, Жаңаарқа жерінен, Атасу кентінен алысқа ұзамай-ақ, өндіріс, кеніш, алып құрылыс, тағы басқа тақырыптарда өндірте жазды. Сөйтіп, туған өңірінің көркем шежіресін жасауға атсалысты.
«Жаңаарқа» атты тұңғыш өлеңі 1946 жылы «Советтік Қарағанды» газетіне басылған. Ол 2004 жылы наурызда дүниеден озғанға дейін қаламын қолынан тастаған жоқ. Ауданда тұрып-ақ, 1992 жылдан өмірінің соңына дейін әдеби-этнографиялық «Өмір» журналын шығарды. Жүзге жуық әңгімесі, екі жүзге тарта очеркі, отыздан астам сын-рецензиясы газет-журналдарда жарық көрді. Оннан астам повесть-хикаясы жеке-жеке жинақ болып шықты. Олардың қатарында «Келіншек», «Сең бұзылғанда», «Қайырлы сапар», «Құт құбыры», «Жұмысшы әулеті», «Байдалы би», «Битабар балуан», «Инемен қазған құдық», «Жанжал» повестері мен «Біз келгенше», «Белестер бедері» романдары бар.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖАҢААРҚА ауданы.