Жазушының “бақытты күні” немесе “Сені туған әжеңнен айналайын!”
(Мөлтек сыр)
Думаншыл қазақтың той-томалағы таусылған ба? Осыдан біршама жылдар бұрын өмірден өтіп кеткен жамағайын бір ағамыздың жалғыз ұлы шаңырақ көтеріп, Жезқазғанға арнайы сапарладық. Құдалар Қазақстанның батыс өңірі – Ақтөбеден. Өте мәдениетті, сыпайы жандар екені әу бастан-ақ аңғарылды. Әсіресе, олардың ортасындағы ашаң бойлы, түр-тұлғасы тартымды, жасы бізбен шамалас азаматтың көсемдігі көзге ұрып тұрды. Шешендігі де таңдай қақтырарлық, сөз маржанын кесек-кесегімен тастайды. Өлеңді де жатқа әрі өте әдемі оқиды. Есімі Аман екен, бас құданың досы, Атырау облыстық Махамбет атындағы драма театрының актері болып шықты.
Тілек айту кезегі бізге де келген. Көкейдегі көркем ойымызды шамашарқымызша жеткізіп, жас отау иелеріне бақыт тілеп, арнау жырымызды оқып, орнымызға оралдық. Іле-шала төрде отырған, елді ерекше талантымен тәнті етіп қойған Аман асабаның қасына барып, қолындағы микрофонды алды да мені ортаға қайыра шақырды. Ештеңені парықтап үлгермеген қалпымда жаңа құданың жанына таяндым.
Төс қалтасынан көк түсті қаламын суырып алып, жоғары көтерген ол «Міне, мынау қазақ көркемсөзінің һас шебері, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың өзі ұстап жүріп, маған жақында ғана тарту еткен қаламы. Сөйлеу мәнеріңіз бен оқыған өлеңіңізге шын сүйсіндік. Бұл қалам менің қолыма той үстінде тиіп еді. Енді соны ризашылығымның белгісі ретінде, бүгінгі той үстінде сізге сыйлағым келіп тұр», – дегенде қалың ел ду ете қалды. Ойда жоқта мерейім өсіп, олжалы болған мен де мәзбін.
Шырайлы сәттің әсерінен арылмаған күйде, үйге келген бетте «Рақымжанның қаламы» деген тақырып теліп, жаңа балладаның бастапқы 3-4 шумағын тәбәрікқаламмен қағазға түсірдім…
Араға аз ғана уақыт салып, Елордаға, баспагер бауырым Қуаттың бір қуанышына бардық. Шағын кафеде бас-аяғы 40-50 адам, бірыңғай зиялы қауым өкілдері – ақын-жазушылар, әншілер, суретшілер, журналистер мен баспагерлер. Арасында Рақымжан аға да жүр. Композитор Ілия Жақанов екеуі Атыраудан арнайы ұшып келіпті. Той әдемі өтіп жатты. Ақиқатын айтсам, тойда емес, қаламгерлер мен өнер адамдарының жиынында отырғандай сезім күйін кештік. Айшықты сөзбен әдіптеле ақтарылған ақ тілек, оқылған жыр, жанды дауыстағы ғажап ән ерекше баурап алды. Біз де қал-қадерімізше қосардан қалыспауға тырысып бақтық, әрине.
Інімнің бұлжытпай ұстанатын тағылымды бір ғұрпы бар. Өзі өткізетін осындай қызық-думандарында тойбастар жоралғысымен қонақтарға кітап таратады. Бұл жолы да сол ұстанымынан айнымады. Әр үстелге әзірленген бумаларда алты-жеті автордың туындылары бар екен. Менің еншіме Рақымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» прозалық жинағы бұйырды. Айтыпайтпай не керек, үзілісте кітапты «Қолтаңба қалдырыңыз» деген емеурінмен жазушының өзіне ұсындым. Қалам іздеп, қалтасын қарманып қалғанда қолына жанымнан тастамайтын баяғы өзінің қаламын ұстата қойдым. «Айналайын, Ахатжан! Сенімен танысқан күн – ең бақытты күннің бірі» – деп жазды да, өзі оқып берді. Риясыз алғысымды айта тұрып «Мына қалам сізге таныс емес пе, аға?» – деп қалдым қолындағы жазу құралын нұсқап. Рақаң қаламға үңіле бір көз салды да, менің бетіме сұраулы жүзбен қарады. Орайы келіп тұрған соң Жезқазғандағы шуақты оқиға – қаламның қайдан келгені туралы қысқаша әңгімелеп бердім. «Айналайын, Аманжан, сөйтіп жүреді ол», – деп айрықша мағмұрланған сәтінде «Рақымжанның қаламы» балладасынан жадымдағы шумақтарын жатқа оқыдым. «Қуат екеуіңді дүниеге әкеліп, тәрбие берген әке-шешеден айналайын!» – деген жазушының жүзінен ерекше шырайды аңғарған едім сол сәтте. Тек тұрмай «Мен Қуаттың шешесінен емес, өзімнің әжемнен туғанмын», – деп салдым бойы үйрене бастаған адамның ғадетімен. Рақымжан аға жадырай күлімсіреген қалпы шашын бір қолымен шалқалата қайыра беріп «Ендеше, сені туған әжеңнен айналайын!» – деп, екінші қолымен мені қаусыра құшақтап бауырына тартты…
Кейін ара-тұра хабарласып тұрдық, қашан болсын әңгімесін «Айналайын» – деп бастаудан танбайтын. Бір күні «Астанадан Қарағандыға шығып келемін», – деп телефон шалды. Мен Ұлытау ауданының 75 жылдық мерейтойына қатысу мақсатымен іссапарда жүр едім. Елге келгенінде еріп жүре алмағаныма, шаңырағымнан бір кесе шай бере алмағаныма қатты өкіндім… Дүние – жалған! Сөйткен Рақаң да кетті өмірден…
Қуаттың қалпын тану арқылы өздерін көрмесе де, айналып-толғанған Нұриден (Нұріддін) көкем мен Болтай (Гүлсара) тәтемнің бақиға озғанына талай жылдың жүзі болды. Менің болмысымды бағамдап, рухынан айналған әжем Күлбарамның (Гүлбаһрам) асыл бейнесі ақ сағымға айналғалы қай заман!..
Адам баласы өмірдің керуен-көшінен бөлектенген жүрегіне жақын жандарды жаны күйзеле аңсайды… Сезіне білгендер сол сағыныш сезімінің салмағын еріксіз аңғарады… Қимастарыңмен мына дүниеде қайта кездеспейтініңді, мұң-шеріңді бөліспейтініңді бүкіл сана-түйсігіңмен бағамдағаннан шығар, бәлкім…
Сол Рақымжан ағам жарық жалғанда аман жүрсе, биылғы жылдың 19 қазаны күні 63 жасқа толады екен ғой… Кездейсоқ сәйкестік пе, кім білсін?! Ауылдағы інім Сағаттың бастамасы қозғау салып, бауырларыммен кеңесе отырып, дәл сол күнге аруақтар рухына арнап ас беріп, дұға бағыштауды жоспарлап қойған едік…
Дұғаға қол жайғанда Жаратушыдан Сізге де иман байлығын бұйыртуын тілермін-ау, Рақымжан аға!.. Алла қаласа, әрине.
Иә, өмір көші «біреу өтті, біреу кетті» демейді, өз ауанымен алға жылжи береді.
Ал, тірінің тіршілігі жалғаса берері күмәнсіз. Әлгі бір ән мәтінінде айтылғандай: «Біз алданған қызықтың біразы алда, бізге жақын жандардың біразы жоқ»…
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ