Руханият

Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы жаңа кеңселі болды

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы жаңа кеңселі болды. Жақында ғана қарағандылық жас қаламгерлермен кездескен облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Жазушылар одағы филиалының баспанасыз жүргенін естіп, мәселенің тез арада шешілуін тапсырған. Көпке ұзамай, мәселе оң шешімін тауып отыр.

Осыған дейін Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы баспанасыз жүрді дегенге кім сенеді? Өткен жолы жас ақын-жазушыларды аймақ басшысымен кездесуге Алашқа аты мәлім ақын Серік Ақсұңқарұлы мен одақтың облыстық филиалының директоры, белгілі ақынжазушы Серік Сағынтай бастап барған. Қазір республикада Қарағанды аймағының әдеби ортасы жақсы аталып жүргені тағы мәлім. Бір-екіден кітаптары шығып үлгерген әдебиеттегі жастар мен орта буын өкілдерін көріп қуанған облыс әкімі Ерлан Жақанұлы мәселені мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқарма басшысы Еркебұлан Ағымбаевқа міндеттеген. Нәтижесінде, филиалға кеңсе Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдердің облыстық кітапханасының ішінен бөлінді. Көзі тірісінде одақтың облыстық бөлімінің тізгінін ұстаған жазушы Жайық Бектұровтың қара шаңырағы қайта түледі.

Кабинеттің ашылу салтанатына ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова қатысты. Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Сағынтайға кабинеттің кілтін мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқарма басшысы Еркебұлан Ағымбаев салтанатты түрде табыстады.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button