Жазушы шығармалары – эссе өзегі

Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы, ақын, жазушы Серік САҒЫНТАЙДЫҢ шығармалары хақында эссе жазудан 16-25 жастағы жастар арасында «Көктемнің мөлдір тамшысы» байқауын офлайн әрі ZOOM платформасында өткізді. Байқау идеясының авторы һәм демеушісі – «Арқаның Атымтайы» атанған білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.

Аталған дәстүрлі байқаудың алғашқысы былтыр ақын Бағдат Мүбәрактың шығармашылығына арналса, бұл биылғы алғашқы сайыс. Кітапхананың өлкетану бөлімі мен «Қарымды қаламгер» клубы ұйымдастырған байқауға өтініш білдірген 30-ға жуық үміткерден іріктеліп, үздік деп танылған 11-і ақтық сында бақ сынасты.

Серік Сағынтай «Жазу», «Фәни құс», «Құс қайтару» жыр жинақтары мен «Қарға», «Көктемнің мөлдір тамшысы» прозалық кітаптарының авторы. Шығармалары әдебиеттанушылар мен аға буын тарапынан жоғары бағаланған, есімі елге етене таныс.

Жырлары ешкімге ұқсамайтын ұлттық бояуының қанықтығымен, терең философиялық ойымен баураса, прозасы ойландырып, өмір сүюге жетелейтін құдіретке ие. Танымдық мақалалары мен драматургиясы бір төбе.

«Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахмет төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашов, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жаңагүл Түсжанова, кітапхананың әдістеме бөлімінің меңгерушісі Сәуле Кейкина болды.

Тартысты өткен байқауда қазылар алқасы жазылған эсселердің талапқа сай оқып жеткізу мәнеріне, сахна мәдениетіне баса назар аударып, кемшіліктерін де ескертті.

Алдымен, 11 үміткердің барлығына қатысқаны үшін Алғыс хат пен «Қарағанды» энциклопедиясы табысталды.

Жүлделі III орынның 35 мың теңгелік 2 сертификатын А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының 11 «А» сынып оқушысы Наурызбай Аятолла мен №61 орта мектептің 11 «А» сынып оқушысы Әбдісамат Абитаев қанжығалады.

II орынның 60 мың теңгелік сертификатын қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №1 жасөспірімдерге қызмет көрсету филиалының меңгерушісі Гүлмаржан Қосжан жеңіп алды. Ал, I орынның 100 мың теңгелік сертификатына қарсыластарынан оқ бойы озып келген №12 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанкелді Тоқтамұрат ие болды. Жанкелді оқушы кезінен бастап республикалық сөз сайыстарында топ жарып, облыстың намысын қорғап жүрген жас, озат ұстаз.

– Кітаптың орнын түрлі гаджет басқан заманда осындай шаралардың маңызы зор. Бұл арқылы біз жастарды бос уақытын тиімді пайдалануға һәм кітап оқып, рухани кемелденуге баулимыз. Аймақ қаламгерлерінің шығармаларын насихаттап, имиджін көтеруге атсалысамыз. Шараны ұйымдастырған өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханқызы мен демеуші, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбековке үлкен алғыс айтамын, – деді орталықтандырылған кітапхана жүйесі КММ-нің директоры Гүлжан Ахметкәрімова.

Байқаудың әділ әрі тартысты өткенін тілге тиек еткен кеш иесі Серік Сағынтай кітапхана ұжымы мен қатысушыларға алғыс айтты. Келесі байқау дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына арналмақ.

Жәлел ШАЛҚАР.